Әлем

AZAL ұшағы апаты: Ресей ақыры өтемақы төлейтін болды

Әзербайжан мен Ресей AZAL әуе компаниясының ұшағы апатына байланысты өтемақы төлеу жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды tiek.kz.

Бұл туралы екі елдің сыртқы істер министрліктерінің бірлескен мәлімдемесінде айтылды.

Яғни, Ресей тарапы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында болған Embraer 190 ұшағының апаты әуе қорғаныс жүйесінің кездейсоқ әрекеті салдарынан болғанын мойындап, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге өтемақы төлеу туралы міндеттемені орындауға келіскен.

«2025 жылғы 9 қазанда Душанбе қаласында өткен кездесуде Әзербайжан Республикасы мен Ресей Федерациясы президенттері қол жеткізген уағдаластықтарға сәйкес, тараптар салдарды тиісті түрде реттеу жөнінде, соның ішінде өтемақы төлеу мәселесі бойынша келісімге келді», – делінген мәлімдемеде.

Мәлімдемеге сәйкес, қайғылы жағдайға Ресей Федерациясының әуе кеңістігінде әуе қорғанысы жүйесінің абайсызда іске қосылуы себеп болған.

Бұған дейін ресейлік «АльфаСтрахование» компаниясы ұшақтың құны үшін шамамен 1 миллиард рубль (12,3 млн доллар) көлемінде сақтандыру төлемін жасаған болатын.

Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку–Грозный бағытындағы J2-8243 рейсін орындаған «Azerbaijan Airlines» (AZAL) әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде апатқа ұшыраған еді. Оқиға салдарынан 38 адам қаза тауып, 29-ы түрлі жарақат алған. Қаза тапқан 38 адамның алтауы – Қазақстанның, 25 адам – Әзербайжанның, жетеуі — Ресей азаматтары.

Тергеудің алдын ала деректеріне сәйкес, Грозный қаласына қонуға жақындаған кезде ұшақ Ресейдің «Панцирь-С» әуе қорғанысы жүйесінің шабуылына ұшыраған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button