Әлем

«18 адам зардап шекті»: Түркияда мектепке қарулы шабуыл жасалды

Түркияның оңтүстігіндегі Шанлыурфа провинциясының Сиверек қаласында Анадолы кәсіптік-техникалық орта мектебіне қарулы шабуыл жасалды, деп хабарлады  QazaqToday.info ақпараттық порталы.

NTV агенттігінің мәліметінше, оқиға салдарынан кемінде 18 адам зардап шеккен, олардың ішінде 12 оқушы және екі мұғалім бар. Шабуыл жасаған адам 17 жастағы осы оқу орнының бұрынғы оқушысы.

Куәгерлердің айтуынша, ол мектеп аумағына кіріп, алдымен аулада, кейін ғимарат ішінде ретсіз оқ атқан. Атыс салдарынан бірнеше оқушы жарақат алған. Зардап шеккендер саны туралы мәлімет әртүрлі болғанымен, жалпы саны 7-ден 18 адамға дейін бағаланып отыр. Олардың арасында мұғалімдер мен тұрғындар да бар.

Қазіргі таңда оқиға орны полициямен қоршалған, құқық қорғау органдары қауіптің алдын алу бойынша арнайы операция жүргізіп жатыр. Шабуыл жасаған адам ұсталды.

Оқиға орнына жедел жәрдем қызметтері мен арнайы бөлімшелер дереу жіберілді. Мектептің оқушылары мен қызметкерлері қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Таңертең полиция тексерісі барысында шабуыл жасаған адамның жеке басы мен әрекетінің кейбір себептері анықталғанымен, ресми түрде шабуылдың нақты себептері әлі жарияланған жоқ.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button