Әлем
Тренд

Венгриядағы сайлау: Орбан партиясы жеңіліс тапты

Венгрия үкіметін 15 жыл бойы билеп төстеген Орбан партиясы ақыры жеңіліс тапты. Венгриядағы парламент сайлауында оппозиция лидері Петер Мадияр елдің қазіргі премьер-министрі Виктор Орбанды айқын басымдықпен жеңді.

Венгрия сайлау комитетінің мәлімдеуінше, бюллетеньдер түгелге жуық саналып, Tisza партиясы 53,6 пайызбен алға шыққан, ал Виктор Орбанның Fidesz партиясы 37,8 пайыз ғана дауыс жинады.

Алдын ала жасалған есеп бойынша, Tisza партиясы 199 мандаттан тұратын парламенттен 138 орын алмақ. Бұл есеп расталса, партия барлық мандаттың үштен екісіне ие болып, конституциялық өзгеріс жасауға мүмкіндік алып отыр.

«Құрметті менің венгрлерім, біз мұны жасадық!» деді Мадияр Будапештте жақтастарына. Ол алғашқы шетелдік сапарында Варшаваға баратынын айтты. Польшадан кейін «Еуроодақтың бұғаттағы қаржысын» Венгрияға алып келу үшін «Вена мен Брюссельге» бармақ.

Жеңіліс тапқанын Виктор Орбан мойындады.

«Сайлаудың ақырғы нәтижесі шыққан жоқ, бірақ жағдай түсінікті әрі айқын бола бастады. Сайлау нәтижесі біз үшін ауыр болғаны белгілі болды. Елді басқару жауапкершілігі мен мүмкіндігінен айырылдық. » деп мәлімдеме жасады 12 сәуірдің кешінде Мадиярдың оңшыл-центристік Tisza партиясы дауыс санауда ірі есеппен алға шыққаны белгілі болғанда.

Виктор Орбан Кремльмен тығыз қарым-қатынас орнатты. Керісінше Мадияр ел бағытын Мәскеуден Еуроодаққа қарай бұруға уәде еткен.

 

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button