«Өрт сөндіруге кедергі келтірген көлікті ысырып тастауға болады» — депутат
Бұл Азаматтық қорғаныс туралы заңда бұрыннан бар.

Үш баланың өліміне себеп болған Астанадағы өрттен кейін қоғамда «Өрт сөндірушілерге кедергі болған көлікті соғып өтуге (таран) немесе өзге де күштік тәсілмен алып тастауға мүмкіндік беру керек» деген пікір жиі айтыла бастады, деп хабарлайды tiek.kz.
Бүгін Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков төтенше жағдай кезінде жедел қызмет көліктері мен техникаларына кедергі келтірген автокөліктерді, шлагбаумдар мен басқа да нысандарды «ысырып тастауға» рұқсат беруді сұрап премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдады.
«Бүгінде адамдар тек өрттің салдарынан ғана емес, өрт сөндіру машинасының, жедел жәрдемнің немесе өзге де шұғыл қызметтердің оқиға орнына уақытында жете алмауынан да қаза табуы мүмкін. Мұндай жағдайды болдырмас үшін шұғыл қызметтерге оқиға орнына барар жолдағы кедергілерді, соның ішінде шлагбаумдарды, қақпалар мен автокөліктерді ашуды және зақымдауды қоса алғанда, кідіріссіз алып тастауға, егер олар адамдарды құтқаруға кедергі келтірсе, иесі бекітілген ережелерді бұзған жағдайда мемлекет тарапынан шығынды өтемей-ақ рұқсат беру керек», — дейді депутат.
Бұған дейін сенат депутаты Марат Қожаев та осыған ұқсас пікір білдірген болатын. Ол Қазақстан қалаларында арнайы техникаға арналған таңбалар жетіспеуі салдарынан өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көліктері кез келген жерге тұраққа қоюға мәжбүр екенін айтқан.
Сондай-ақ сенатор аса қажеттілік туындаған жағдайда шұғыл қызметтер жолға кедергі келтіретін көліктерді сүйреп апаруға немесе өзге де жолмен алып тастауға болатынын атап өтті. Айтуынша бұл заңға қайшы емес.
Мұны Мәжіліс депутаты Максин Рожин де растады. Айтуынша, мұндай ереже заңда бұрыннан бар.
«Мүмкіндік беру емес, ондай заң бар ғой! Заңда бұрыннан бар қараңыздар», — дейді Рожин мырза.
— Ендеше неге үш баланың өліміне себеп болған Астанадағы өрт кезінде құтқарушылар осылай жасамады.
— Ол жерде жігіттер (құтқарушылар-ред) жауапкершілік алғысы келмеді. Мен солай қабылдадым…
— Шығынды кім төлейді
— Қарайды, заңсыз орнатылған болса, жауапкершілік мүлік иесі өзіне артылады.
Сол секілді Мәжіліс депутаты әрі заңгер Абзал Құспан да Азаматтық қорғаныс туралы заңға сәйкес, өрт сөндірушілер мен оларға көмектескен азаматтар өртті сөндіруге кедергі келтірген мүлікке зиян келтірсе, материалдық өтемақы төлеуге міндетті емес екенін айтады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



