Прокурор Атырауда 15 жастағы Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталған екі күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Егер сот сол үкімді қолдаса – олар жазасын қайда өтейді?
Бұл сұраққа жауап іздеген Tiek.kz редакциясы «Қара бүркіт» төтенше қауіпсіздік режиміндегі түзету мекемесіне барып, сол жерде өмір бойына сотталғандардың бірімен сұхбаттасты. Кейіпкерімізді 5 зіңгіттей әскери киінген қызметкер, қызметтік иттің қадағалауымен алып келді.
«Бәрі 2007 жылы басталды. Ісім басталды. Ол уақытта қиын жағдайлар болды. 2008 жылы ұстады. Қазіргі Қонаев, бұрынғы Қапшағай қаласында… Тапсырыспен кісі өлтіру бойынша» — деп әңгімесін бастады 42 жастағы жазасын өтеуші

17 жылын түзету мекемесінде өткізген жігіт ағасы өткен өміріне терең үңіліп, бағамдауға жеткілікті мерзім өтті дейді. Оған психологтардың да көмегі көп болған.
«Өмір бойына бас бостандығынан айрылған сотталғандардың ерекшелігі — кейбір контингенттер ашық түрде сөйлесе алмайды. Психолог сол контингенттің ішкі дүниесіне кіру үшін, сенімді сөйлесу үшін сеніміне кіре білу қажет. Ол — ең бірінші мақсат. Сенімге кіру ол — бір күннің ішінде емес, бірнеше күннің ішінде жүргізіледі. Олардың ерекшелігі — кейбіреулері тұйық келеді. Оның ішкі жан-дүниесін біліп-тану маңызды» — дейді түзету мекемесінің аға инспектор-психологы Зибагүл Аманжолова

Бұл жерде ереже қатал. Тіпті жазасын өтеушілерге тамақ берудің өзі ерекше. Арнайы қалақша арқылы камераға жеткізеді. Мұның бәрі жеке құрамның қауіпсіздігіне бағытталған шаралар. Жасақ басшысы Рауан Қабдуалиев жазасын өтеушілердің камерасын қысқаша таныстырып берді.
«Камерада 4 адам болады. Заң бойынша. екі жағынан бөліп тұратын 2 аралық тор бар. Екі жақтан да камера. Онлайн түсіреді 24 сағат. Біреуі дауысын жазады. Күндіз отырмайды (төсекке). Керуеттер жиналып тұрады. Тек қана орындықтарда отырады, ішінде жүреді. Жеке заттарын осында ұстайды. Барлығы режим бойынша»

Осылайша күн сайын, яғни жылдың 365 күнінде қайталанады деген сөз. Сұқбат берген кейіпкеріміз өмір бойына сотталудың қандай жаза екенін айтып берді.
«Ату жазасынан да ауыр десем де болады. Өмір бойына бас бостандығынан айыру деген дұшпаныңа да тілемейтін өте сұмдық ауыр жаза ғой. Жастарға айтарым, бір шешімге (заңсыз әрекет) келер алдында бізді еске алсаңдар: «Ой осындай жігіттер отыр екен ғой» — деп. Өмір-бақи деген оңай нәрсе емес негізі. Ақыл айтатын жағдайда емеспіз, ескерту ғой» — деп ағынан жарылды
Жазасын өтеуші мерзімінен бұрын босап шығудан үмітті. Психологтар осындай үміті өшпегені жақсы деп отыр. Сондай-ақ мұндай мекемеде жазасын өтеушілер үшін ағайын-туыс, дос-жаранның хат алмасып, байланысып тұруы да маңызды екен.
Толық нұсқасы Tiek YouTube арнасындағы арнайы репортажда
