ҚоғамОқиға
Тренд

«Өрт сөндіру машинасы – бульдозер емес»: ТЖМ депутаттардың сөзін жоққа шығарды

Сол секілді «Көркем» тұрғын-үй кешендегі өрт сөндірушілердің 20 минуттық кешігу туралы ақпарат та шындыққа жанаспайды.

Астанадағы «Көркем» тұрғын үй кешенінде болған өрттен кейін қоғамда «өрт сөндірушілер жолды бөгеген көліктерді соғып өтуге құқылы ма?» деген сұрақ қызу талқыға түсіп жатыр. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Максим Рожин өрт сөндірушілердің кедергі келтірген көлікті тарандауға яғни бұзып-жарып өте шығуға құқығы бар екенін айтқан болатын. «Сондай-ақ, жолдағы нысан заңсыз қойылған болса,  жауапкершілік мүлік иесінің өзіне артылады» деген еді.

Алайда, Төтенше жағдайлар министрлігі депутат Максим Рожиннің бұл туралы мәлімдемесін ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды tiek.kz.

Өртке қарсы қызмет комитетінің басқарма бастығы Әйгерім Райымқұлованың айтуынша, депутаттың сөзінің заңдық негізі жоқ. Яғни қазіргі заңнамада өрт сөндіру кезінде автокөліктерді әдейі соғуға рұқсат беретін норма қарастырылмаған.

«Жалпы ТЖМ мұндай әрекеттерге қарсы. Құтқарушылардың басты міндеті — мүлікті зақымдау емес, адам өмірін сақтау және өртті сөндіру. Азаматтық қорғау туралы заңға сәйкес, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының автомобильдерді соғып өтуге (таран жасауға) құқығы жоқ. 63-баптың 8-тармағының 1, 2, 3-тармақшаларында қарастырылған құқықтар бар, онда аумаққа кіруге, сондай-ақ тікелей үй-жайда орналасқан есіктерді, терезелерді және басқа да қоршау конструкцияларын ашуға рұқсат етіледі. Автомобиль жағдайында мұндай әрекеттерге жол берілмейді.

Өрт сөндіру техникасы бұл үшін арналмағанын атап өткен жөн. Өрт сөндіру машинасы — бульдозер емес.  Яғни көлікті соғып өтуге арналмаған. Екіншіден, бұл үшін арнайы қызметтер бар. Үшіншіден, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында автомобильді эвакуациялау бойынша бұл әрекеттерге құзыреттілік жоқ.

Өрт сөндіру машинасы шамамен 100 миллион теңге тұрады, тиісінше, көліктерді соғып өту  бұл өз мүлкіңді зақымдау болып есептеледі. Сонымен қатар, өрт сөндіру машинасы -бұл бізден көмек күтетін зардап шеккендердің соңғы үміті екенін атап өткен жөн. Біз оны мемлекет қаражатына ала отырып, бірінші кезекте оны жарамды күйде ұстауымыз керек және адам өмірін құтқару арқылы барынша пайда келтіруіміз қажет. Көлікті соғып өту мәселесі қаралмайды, өйткені бұл ең алдымен халықты құтқаруға арналған машина», — дейді Әйгерім Райымқұлова.

Сондай-ақ ол «Көркем» тұрғын-үй кешендегі 20 минуттық кешігу туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтады. Бұған дейін әлеуметтік желілерде құтқарушылар ауладағы кептеліс кесірінен 20 минут бойы жұмысқа кірісе алмады деген ақпарат тараған еді.

Полковниктің айтуынша, аулада техникаға жол ашылып жатқанда, алғашқы бөлімше ғимарат ішіне кіріп үлгерген.

«Өрт сөндірушілер түтін тартпайтын баспалдақпен 15-қабатқа жаяу көтерілген. Сырттан сатының келуін күтпестен, құтқарушылар иыққа ілінетін «Варио» ранцтік қондырғыларымен есікті ашқан бойда өрт сөндіруді бастап кеткен. Сонымен бірге екінші группа тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарын жүргізді. Яғни қазіргі қолданыстағы заманауи тактика бірнеше бағытта қатар жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондықтан ауладағы кептеліс үй ішіндегі құтқару жұмыстарын тоқтатқан жоқ», — дейді ртке қарсы қызмет комитетінің басқарма бастығы.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button