Қазақ телевизиясының ардагері Қажы Қорғанов «Tiek» арнасына берген сұқбатында Мәжіліс депутаты, айтыскер Ринат Зайытовқа өкпесін білдіріп, қатаң сынға алды.
Қажы Қорғановтың айтуынша, Зайытов қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин туралы жағымсыз пікір айтып, орынсыз жала жапқан.
«Ол бас салып, Ыбырай атамды жамандаған. «Ол орысқа шоқынған» дейді. Мұндай шоқтығы биік адамдарды жамандамас бұрын, артыңа айналып екі-үш рет қарап алу керек. Бір-екі кітап оқы, сосын барып сөйле. Ринат Зайытовқа өкпем қара қазандай», – дейді Қажы Қорғанов.
Естеріңізде болса, Ринат Зайытов өзінің кезекті сұқбаттарының бірінде қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырған тұлға — Ыбырай Алтынсариннің қазақ балаларына мектеп ашу үшін орыс патшалығын алдап, амалсыздан крест тағып, ряса кигенін айтқан еді.
Расы керек, Зайытовтың 2023 жылғы бұл сұқбаты қазақ қоғамында біраз шу тудырған еді. Біраз адам оның ұлы ұстаз туралы пікірін бірден дұрыс түсінбей дүдәмал болды. Телевизия ардагері де бұл сөзді ауыр қабылдаған. Ол айтыскер ұлт ұстазын «орысқа шоқынды» деп жамандады деп ойлап, ашына жауап қатты.
Сұқбат барысында ардагер журналист тек бұл даумен ғана шектелмеген. Ол Бауыржан Момышұлының қатал мінезін, Заманбек Нұрқәділовтің қазақтарға жасаған жақсылығын және Серікболсын Әбділдиннің қызметтегі тазалығын көрсететін тың естеліктерін ортаға салды.
Тарихи тұлғалардың беймәлім қырлары мен қоғамдағы даулы мәселелердің астарын білгіңіз келсе, атышулы сұқбаттың толық нұсқасын «Tiek» YouTube арнасынан тамашалаңыз!



