
Қаржылық мониторинг агенттігі «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Капеновке қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Агенттіктің дерегінше, Капенов қызметтік лауазымын пайдаланып, жүк вагондарын пайдалану қызметтерін көрсету кезінде өзімен байланысты компанияларға заңсыз артықшылықтар берген. Соның кесірінен «ҚазТемірТранс» акционерлік қоғамына 5,2 миллиард теңгеден астам залал келді.
«Қазіргі уақытта Капенов халықаралық іздеуде жүр. Сот шешімімен оған қатысты сырттай қамауға алу туралы санкция берілді. Шығынның орнын толтыру әрі заңсыз иеленген активтерді қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы «Достық» станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш берді», – деп хабарлады агенттік.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен Достық» станциясындағы терминал мемлекет меншігіне алынған.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Тергеудің басқа мәліметтері ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
2024 жылдың тамыз айында Антикоррупциялық қызмет (қазіргі кезде ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі – ред.) Капенов жайында ақпарат берген адамға сыйақы тағайындаған болатын. Ол кезде оған алаяқтық жасады деген айып тағылған болатын.



