ІІМ тексерісінен кейін Атырауда полиция басшылары қызметінен қуылды

Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) ауқымды тексерісінен кейін Атырау облысы Полиция департаментінің бірқатар басшылары қызметінен қуылды, деп хабарлайды tiek.kz.
Жұмыстан босатылғандардың арасында Атырау қалалық полиция департаментінің бастығы мен облыстық полиция департаментінің есірткіге байланысты қылмыстар бөлімінің басшысы бар.
Бұл шешімге Атыраудағы арнайы жасақ (СОБР) айналасындағы дау себеп болған. Бұған дейін арнайы жасақ қызметкерлері басшылық тарапынан қысым көріп, балағатталғандарын айтып шағымданған еді. Осыған байланысты ІІМ арнайы комиссиясы Атырауға келіп, қызметтік тексеру жүргізді.
«Қызметтік және әскери тәртіпті бұзу фактілерінің анықталуына, сондай-ақ тиісті бақылау мен жұмысты ұйымдастырудың болмауына байланысты Атырау полиция департаментінің бастығы, сондай-ақ Атырау облыстық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы мен есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшылары қызметтерінен шеттетілді», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.



