Экономика

«146 миллиард теңгеден қағылдық»: Жамаубаев қаржы вице-министрінің сөзін жоққа шығарды

Бұған дейін Қазақстан бюджеті доллар бағамының арзандауына байланысты 146 миллиард теңге кірістен қағылды деген ақпарат тараған еді. Үкіметтегі брифингте қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мұнай бағасы өскенімен, теңгенің нығаюы бюджет кірісіне кері әсер етіп жатқанын соның салдыранын ел қазынасы 146 миллиард теңге көлемінде қаржы жоғалтқанын айтқан болатын.

Алайда Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев тілшімізге бұл ақпаратқа басқа қырынан жауап берді,  tiek.kz.

Жамаубаевтың айтуынша, ел қазынасы мұнай бағасының өсуіне байланысты пайда көріп отыр.

«Бюджетке әсерді біржақты бағалауға болмайды. Себебі кірістермен қатар шығыстар да бар. Яғни мұнай бағасына байланысты көретін пайдамыз тағы бар. Сондай-ақ, теңгенің нығаюы да белгілі деңгейде шығындарға алып келеді.

Әсіресе шетел валютасында орналастырылған бағалы қағаздарға қызмет көрсету мәселесі маңызды. Бұрын біз шетел валютасында бағалы қағаздар шығарғанбыз. Оларға қызмет көрсету де шетел валютасында жүргізіледі. Сондықтан кірістер мен шығыстарды бірге қарастыру қажет. Жалпы алғанда, бюджетке айтарлықтай нұқсан келеді деу әзірге ерте. Жыл соңына дейін осылай тұра берсе, теңгенің нығаюы онша әсер етпейді. Түсетін пайдамыз да көбірек болуы мүмкін» , – дейді ол.

Сонымен қатар ол доллардың әлсіреуі уақытша болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Бұл АҚШ-тың Таяу Шығыстағы геосаяси әрекеттерімен байланысты болмақ.  Дегенмен Қазақстанның валюта нарығы ықтимал құбылмалылыққа дайын.

Жамаубаевтың айтуынша, қазіргі таңда Ұлттық банк тарапынан интервенция жүргізілген жоқ.

«Мұнай бағасы бұрынғы қалпына қайта оралуы мүмкін. Осы себепке байланысты  доллар қайта күшейсе, қазіргі жағдай өзгеруі мүмкін.  Бағам нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасып отыр. Егер қажеттілік туындаса, интервенция жасауға дайынбыз. Бірақ әзірге ондай қажеттілік жоқ, – деді ол.

Сондай-ақ ол Ұлттық банк теңге бағамына қатысты нақты болжам жасамайтынын еске салды. Бағам тек есептік көрсеткіш ретінде қолданылады.

Жамаубаев қазіргі экономикалық үрдістердің нақты әсері алдағы кезеңдерде, екінші тоқсанның қорытындысы бойынша айқын көрінетінін атап өтті.

 

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button