Димаш Құдайбергеннің Барселонадағы концертінде сахнаға шығып, атақты өнер жұлдызымен ән айтқан Жанель Әлі мен анасы Tiek.kz редакциясына сұқбат берді. 15 жасар қыз танымал жерлесімен бір сахнада өнер көрсеткеннен кейінгі эмоциясын әңгімелеп берді. Айтуынша, концертте ән айтамын деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмепті. Анасы Жанельдің сахнаға қалай шақырту алған сәтін ерекше сезіммен жеткізді.
«Жанельдің Димашпен ән айтатынын біз білмедік. Бұл тосынсый болды. Өйткені Жанель сол жерде 5-ші қатарда әдемі көйлекпен отыр. Әрі біздің Испания фан-клубының мүшелері де қасымызда отыр. Димаш «Қазақтар бар ма?» — деп сахнадан сұрады.»
Ары қарай Жанельдің өзі іліп алды
«Мен қазақпын, мен қазақпын» — деп тұрдым да. Испаниялық фан-клубы мені көріп «Әне Жанель тұр, ол – қазақ. Ол – әнші» — деп. Димаш сосын мені көріп «Ал, жаным сол, қазақсың ба? Келе ғой, шық сахнаға» — деді. Мен шығып қобалжып тұрдым. 20 мың адамды көріп қобалжым тұрдым, Димашты көріп қобалжып тұрдым»

Жанель Димаштың қарапайымдылығына да ерекше ықыласын білдірді. Анасы екеуі бұл концертке 1 жыл бұрын билет алып, қазақша киімдерін Қазақстанға барғанда арнайы сатып алыпты. Осы дайындығы ескеріліп, концертте ән айтты. Тіпті Қазақстан халқының алдында танымал болып шыға келді. Жас қыз қуаныштан ұйықтай алмай жүргенін де жасырмады.
«Ұйықтай алмадым. Әлі де ұйықтай алмай тұрмын» — деп Жанель толқынысын ашып айтты
Анасының айтуынша, осымен 3-ші күн ұйқысыз өтіп жатыр екен. Жанель 5 баланың ортаншысы көрінеді. Әке-шешесі балаларын жеткізу үшін Еуропаға жұмыс іздеп келіпті. Отағасы бүгінде қарапайым жүк көлігінің жүргізушісі болып табыс тауып отыр.
Сұқбаттың толық нұсқасы Tiek YouTube арнасында
