Қазақстан бюджеті арзан доллардың кесірінен 146 миллиард теңгеден қағылды

Қазақстан бюджеті доллар бағамының арзандауына байланысты 146 миллиард теңге кірістен қағылды. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
Оның сөзінше, мұнай бағасы өскенімен, теңгенің нығаюы бюджет кірісіне кері әсер еткен.
“Биыл Ұлттық қорға қосымша 162 миллиард теңге түсті. Сонымен қатар мұнай бағасының қымбаттауы есебінен экспорттық кедендік баж салығы арқылы республикалық бюджетке 40,5 миллиард теңге түсті. Алайда бюджетті жоспарлау кезінде доллар бағамы 540 теңге деп белгіленген. Ал бірінші тоқсан қорытындысы бойынша орташа бағам 497,7 теңге. Теңгенің күшеюі бірқатар салық түсімдерінің азаюына себеп болды. Соның салдарынан жекелеген салықтар бойынша бюджет шығыны шамамен 146 миллиард теңге”, – деді Біржанов.



