Дәрігерлер берген: Әлімханұлының ағзасына тыйым салынған заттың қалай түскені белгілі болды

Жәнібек Әлімханұлының ағзасына тыйым салынған заттың қалай түскені белгілі болды. Боксшыға құрамына мельдониі бар препаратты Алматыдағы медицияналық орталық дәрігерлері берген, деп хабарлайды tiek.kz.
Бұл туралы менеджер Эгис Климас пен америкалық журналист Стив Кимнің сұқбатында айтылған. Сұқбат кеше жарияланды. Қазақстандық БАҚ пен Instagram-дағы спорттық аккаунттар да осыған сілтеме жасап жатыр.
Нақты айтар болсақ, Жәнібек Әлімханұлы өткен жылдың 7 мамырында Астанадағы Adam Clinic медициналық орталығына шұғыл медициналық көмекке жүгінген.
Қатты бас ауыруы, жүрек айнуы, құсу, бас айналуы, көздің уақытша бұлыңғырлануы, аяқ-қолдың ұюы, кеуде қысылуы секілді симптомдар болған. Дәрігерлер сол жерде вертебробазилярлық жетіспеушілік деген диагноз қойып, Ripronat (мельдоний құрамды препарат) тағайындаған. Дәрігерлер препаратты көк тамыр арқылы ағзаға енгізген.
Бұл дәрі Қазақстанда заңды, жүрек-қан тамырлары ауруларына қолданылады, бірақ спортта тыйым салынған (WADA тізімінде). Жәнібек Әлімханұлы мұны білмеген.
Жәнібектің менеджері Эгис Климастың айтуынша, мельдоний ағзада 9 айға дейін сақталуы мүмкін.
«Біз анықтағандай, мельдоний ағзада 9 айға дейін сақталуы мүмкін. Ол клиникада ем қабылдаған кезде алдағы жекпе-жектері жоспарланбаған еді және WADA тестілеу бағдарламасына қатыспаған. Дәрігерлер оны бұл елде тіпті рецептісіз берілетін, толықтай заңды дәрілермен емдеді, – дейді Эгис Климас.
IBF бұл іс бойынша қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз. Ал WBO өткен аптада Әлімханұлын 1 жылға дисквалификациялап, сонымен бірге чемпиондық белбеуін сақтап қалуына мүмкіндік берді.
Бұған Әлімханұлының «мінсіз антидопингтік тарихы» ескерілген. Ол 2016 жылға дейін Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен кезеңде бірнеше рет тексеруден өтіп, барлық нәтижелері теріс болған.



