Елордада танымал спортшылар «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдірді

«Таза Қазақстан» — бұл тек тазалық шарасы емес, елдің экологиялық жағдайын жақсартуға және қоғамда жаңа экологиялық этиканы қалыптастыруға бағытталған стратегиялық жобаға айналып барады. Күн өткен сайын жобаға деген қызығушылық артып, қатысушылар қатары да көбейіп келеді.
Акцияға танымал спортшылар да атсалысып жатыр. Жуырда ғана Франциядағы халықаралық жарыстан оралған елордалық жас гимнаст қыздар ауқымды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қатысып, «Өзіңнен баста!» челленджіне қосылды. Спортшылар «Нұра» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің маңындағы аумақты қоқыстан тазартып, қаланың ажарын ашуға үлес қосты.
Астана әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, бастамаға үлес қосқан спортшылардың бәрі танымал әрі болашағынан үміт күттіретін гимнаст қыздар. Олардың қатарында Қазақстан тарихындағы жасөспірімдер арасындағы алғашқы әлем чемпионы, елдің абсолютті чемпионы, сондай-ақ әлемдік және Азия біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері Ақмарал Ерекешева бар.
Онымен бірге спорт шеберлігіне кандидат, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Айғаным Рысбек, спорт шеберлігіне кандидат, республикалық жарыстардың жүлдегері Анель Дінішева және «Фурор» командасының мүшелері де қатысты.
Акцияға қатысушы Ақмарал Ерекешева мұндай бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтті. «Мұндай акциялар табиғатты сақтау және сүйікті қаламыздың экологиясын жақсарту үшін өткізіледі. Астанада серуендегенде таза әрі көрікті көшелерді, саябақтар мен гүлзарларды көргіміз келеді. Бүгін біз жиі келетін дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағын тазалау үшін бас қостық. Мұнда әрдайым таза болғанын қалаймыз. Бізге қарап басқа да жас спортшылар қосылады деп ойлаймын. Қыздар үшін халықаралық аренада ел намысын қорғаумен қатар, туған қаласының дамуына үлес қосу да маңызды», – деді ол.
Айта кетейік, Ақмарал жуырда Францияда өткен Гран-при халықаралық турнирінен төрт медальмен оралды. Олардың екеуі күміс, қалған екеуі қола.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастырып, әрбір адамның қала тазалығына қосатын жеке үлесінің маңызын көрсетеді.
«Спортшылар үшін сенбілікке қатысу тек жаттығудан тыс бас қосу мүмкіндігі ғана емес, қатарластарына үлгі болудың да бір жолы деуге болады. Спортшылар «Таза Қазақстан» акциясы бағдарламасы бойынша бүгін өзіміздің нысанның айналасын жинап, тазартып, әртістердің бәрі атсалысып жатыр», — дейді ұйымдастырушылар.
Осылайша, халықаралық жарыстардан оралу гимнаст қыздар үшін тек мақтаныш емес, сонымен қатар туған қаласына қамқорлық жасаудың жаңа бастамасына айналды.


