Астанада экологиялық технологиялар бойынша тұңғыш халықаралық Қазақстан-Беларусь форумы өтті

Бүгін елордада экологиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылауға арналған бірінші халықаралық Қазақстан-Беларусь форумы өтті.
Бұл маңызды бастама Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының Төрағасы Азат Хансәлиұлы Әміртаев пен Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшілігіндегі келіссөздер барысында Төтенше және Өкілетті Елші Павел Владимирович Богданов мырзаның арасындағы уағдаластық нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, ғылыми-зерттеу институттары, экологиялық қозғалыстар белсенділері, жасыл экономика саласының сарапшылары мен өндірісшілер қатысты.
«Жиынның негізгі мақсаты — қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) қайта өңдеу, жасыл экономика үлесін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және екі ел арасында тәжірибе алмасуды жолға қою.
Бүгінде Қазақстанда экологиялық ахуал өте күрделі. Беларусь елінде қоршаған ортаны қорғау бағытында үлкен жетістіктер бар: онда заманауи сүзгіден өткізу және шығарындыларды тазарту технологиялары жоқ бірде-бір зауыт немесе фабриканың іске қосылуына заң жүзінде тыйым салынған.
Қазақстан үшін бұл — уақыт талабы. Теміртаудың бүгінгі жағдайы, Шығыс Қазақстан облысындағы, соның ішінде Өскемендегі «Казцинк» пен басқа тау-кен және өңдеу кәсіпорындарының қоршаған ортаға тигізетін әсері, сондай-ақ уран өндірілетін аймақтардағы сындарлы экологиялық ахуал заманауи технологияларды жедел енгізуді талап етеді», — дейді «Байтақ» жасылдар партиясының Халықаралық қатынастар және парламентаризм мәселелері жөніндегі хатшысы Мұрат Тәшібаев.
Сондай-ақ ол әрбір азаматтың таза ауа мен таза жерге деген құқығын қорғайтын Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы бұл мәселелерді мемлекеттік деңгейде көтеріп отырғанын айтады.
Форум қорытындысы бойынша ҚР Үкіметіне, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне нақты ұсыныстар мен хаттар жолданады.
«Байтақ» жасылдар партиясы бұған дейін Президент Әкімшілігіне «Жасыл экономикадағы жаңа күн тәртібі 2.0» манифесін жолдаған болатын. Бүгінгі форум — сол бастаманың практикалық жалғасы.
Беларусь тарапы тек теориялық баяндамалармен емес, өндіріске енгізілген нақты мемлекеттік кәсіпорындардың технологияларымен келді. Олардың технологиялары біздің өндірістік жүйемізбен толық үйлесімді. Форум аясында келесі нақты бағыттар бойынша жұмыс жүргізілуде:
- Қалдықты шикізат ретінде көру: Қалдыққа жай ғана жойылуы тиіс проблема емес, екінші деңгейлі шикізат ретінде қарау тәсілі.
- Автошиналар мен пластикті өңдеу: Пластикті қайта өңдеп, одан дайын бұйымдар шығару технологиясы.
- Медициналық және өнеркәсіптік қалдықтар: Қазақстанда әлі күнге дейін тиісті деңгейде шешімін таппай, көлемі жылдан-жылға артып жатқан қауіпті қалдықтарды залалсыздандыру мен өңдеу жобалары.
Каспий мен Арал мәселелері де күн тәртібінде кеңінен қозғалады, алайда негізгі назар Қазақстанның өндірістік қалаларындағы экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған.
Серіктестіктің жаңа векторы
Қазақстан Қытай, АҚШ немесе Батыс Еуропа технологияларынан бас тартпайды, бірақ сыртқы байланыстарда экономикалық және практикалық тиімділікті басшылыққа алуы тиіс. Бұл форум — ТМД-дағы серіктес әрі дос елдердің әлеуетіне назар аударудың айқын дәлелі.
Бүгін форум аясында тараптардың кеңейтілген ынтымақтастық бағыттарын айқындайтын Қорытынды құжатқа қол қойылады, сондай-ақ отандық және беларусьтік кәсіпорындар арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумдар мен бірлескен келісімшарттар жасалады деп күтілуде.
Бұл шара дәстүрлі түрде жалғасын тауып, екі ел арасындағы жасыл технологиялар трансфертінің тұрақты көпіріне айналмақ.


