Әлем

Түркияда зауыттағы жарылыс құрбандарының саны 17-ге жетті (ВИДЕО)

Түркияның Измир провинциясындағы металлургия зауытында жарылыс құрбандарының саны 17-ге жетті. Тағы 12 адам жарақат алған.

Билік өкілдерінің мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлығы – Алиага қаласындағы елдегі ірі болат өндірушілердің бірі «Хабаш Демир Челик» зауытының жұмысшылары.

Жарылыс түскі уақытта болған. Жаңа қазандықты тасымалдап бара жатқан кран құлап, оның үстіндегі материалдар төменде орналасқан пешке түскен. Соның салдарынан жарылыс болған.

Ал зауытты басқаратын компанияның мәлімдеуінше, апат кәсіпорындағы электр доғалы пештердің біріне жоспарлы техникалық қызмет көрсету кезінде болған.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған бастапқыда 16 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Алайда Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемишоғлу кейін ауыр жарақат алғандардың бірі ауруханада көз жұмғанын айтып, қаза тапқандар саны 17-ге жеткенін мәлімдеді.

Бұған дейін Түркияның Измир провинциясындағы металлургия зауытында жарылыс болып, үш адам көз жұмғанын жазған едік. «Тағы 14 адам жараланды, оның үшеуінің жағдайы ауыр. Жарылыстан кейін он жұмысшы үйінді астында қалған. Қазір оларды құтқару жұмыстары жүріп жатыр», — делінген алғашқы ақпаратта.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button