Агро-стратегия

Аңызға айналған Алматы апорты қайта жаңғырады: Өңірде ауыл шаруашылығы қалай дамып жатыр?

Алматы облысы өзінің тарихи бренді – апорт алмасын қайта қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстарды бастады. Бұдан бөлек, аймақта терең қайта өңдеу зауыттары мен ірі агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылып, фермерлердің өнімін делдалсыз сатуға толық жағдай жасалуда, деп хабарлайды Tiek.kz.

Апорттың оралуы және қарқынды баулар

Фото: tiek.kz

Алматы өңірі ежелден алма бақтарымен танымал. Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Сыдықовтың айтуынша, қазір облыс бойынша 7,5 мың гектарға жуық алма бағы бар және биыл 100 мың тоннаға жуық өнім жиналған. Бүгінде ғылыми институттармен және Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп апортты жандандыру қолға алынды.

«Бұл Алматы апорты 7-8 жылдан кейін толық өнім бере бастайды. Біз қазіргі таңда институттармен көшеттерді отырғызу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл көшеттер ірілі-ұсақты шаруашылықтарға берілуде», – деді Д. Сыдықов.

Фото: tiek.kz

Осындай ірі шаруашылықтардың бірі – Шелек өңіріндегі «Apple Bee» ЖШС. Жобаға 487 миллион теңге инвестиция құйылған. Компания 120 гектар аумақта интенсивті алма бағын өсіріп, жылына 3000 тонна өнім жинайды және 300 мың элиталық көшет шығаратын питомнигі бар.

Терең өңдеу – шаруаларға үлкен қолдау

Облыс жылына 1 триллион теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп, республикада үшінші орында тұр. Экономикада бұл саланың үлесі 30-40 пайызды құрайды. Өсірілген өнімді уақытылы өңдеу үшін өңірде бірнеше ірі кәсіпорын жұмыс істейді:

  • «FRUIT ART» ЖШС: Жобаға 44 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Мұнда жылына 5000 тонна шикізатты сублимациялау зауыты, 15 мың тонналық жеміс қоймасы және 5,5 гектарлық құлпынай өсіретін жылыжай бар. Бұл зауыт кіші шаруашылықтардың алма мен қарбыздарын қабылдайтын негізгі орталық.

  • «Есік жеміс-консерві зауыты» ЖШС (ИПЗ): 1,5 гектар аумақта орналасқан кәсіпорын жылына 10 мың тоннадан астам томат пастасын, алма және өрік пюресін шығарады. «Ол жерде де шаруалардан алма қабылдап, шырын шығарады. Өздерінің де алқаптары бар, онда қызанақ пен жүгері өсіреді», – деді Д. Сыдықов.

  • «АзияАгроФуд» АҚ: Бидайдан ұн, ал жүгеріден сірне (патока) және құрама жем шығаратын зауыт. Кәсіпорын тәулігіне 400 тонна бидай және 200 тонна жүгері өңдейді. Дихандардың барлығы осы компанияға жүгерілерін кедергісіз өткізіп жатыр.

  • «Шин-Лайн» ЖШС: Орталық Азиядағы ең ірі балмұздақ шығаратын компания Қытай, Ресей, Беларусь сынды 10 елге экспорт жасайды. Байсерке ауылындағы жаңа зауытқа 64 млрд теңгеден астам инвестиция салынған және тәулігіне 350 тонна өнім шығарады.

Жылыжайлар мен мал шаруашылығы

Облыста жалпы аумағы 89 гектарды құрайтын 49-ға жуық жылыжай бар. Солардың бірі – Алатау қаласындағы «Green Land Alatau» ЖШС. 105 мың шаршы метр аумақты алып жатқан жылыжай кешені жылына 1 мың тонна қызанақ пен 2 мың тонна қияр өндіреді.

Фото: tiek.kz

Мал шаруашылығы бағытында «АГРО Балтабай» ЖШС мал бордақылау алаңы 4000 бас аналық және 6000 бас бордақылау поголовьесіне шақталған. Д. Сыдықов бұл жобаның жалпы қуаттылығы 12 мың басқа арналғанын, қазір 9 мың бас мал бордақыланып жатқанын жеткізді. Кәсіпорын көршілес облыстардағы ұсақ шаруашылықтардан да бұзаулар сатып алады.

Фото: tiek.kz

Делдалсыз сауда және қаржылық қолдау

Фермерлер үшін ең басты мәселе – өнімді делдалсыз сату. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бұл бағытта нақты қадамдар жасалып жатқанын мәлімдеді.

«Неге фермер сұранысқа ие өнімінен жақсы пайда көрмейді деген сұрақ орынды. Қазір бұл тәжірибені Алматы облысы қабылдап жатыр. Облыста бірнеше фермерлік базарлар салынады. Облыс әкіміне бұл алаңдарды делдалдарға немесе алыпсатарларға емес, тек ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ғана беру туралы тапсырма берілді», – деді вице-министр.

Фото: tiek.kz

Сондай-ақ, фермерлерге мемлекет тарапынан айналым қаражатын толықтыру үшін небәрі 5 пайыздық несиелер беріліп, лизинг бағдарламасы бойынша өтінімді артық құжатсыз, тікелей чат-бот арқылы беру мүмкіндігі жасалған. Осындай кешенді қолдаулар Алматы қаласының басты азық-түлік белдеуі саналатын облыстың ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button