«Айлығым 1,2 миллион теңге»: Энергетика министрі коммуналдық қызметке қанша төлейтінін айтты

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Астанадағы «Хайвилл» тұрғын үй кешенінде тұратынын және коммуналдық қызметтерге ай сайын 73-75 мың теңге төлейтінін айтты.
Бұл туралы ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді. Министрдің сөзінше, интернет ақысы мен автотұрақ жалдау құны бұл сомаға кірмейді.
Сондай-ақ ол айлық жалақысын шамамен 1,2 миллион теңге деп атады.
«Ай сайын шамамен 73-75 мың теңге төлеймін. «Хайвилл» тұрғын үй кешенінде тұрамын. Бұл сомаға интернет ақысы кірмейді. Сондай-ақ көлік тұрағының ақысы да бөлек төленеді. Мен бір көлік орнын жалға аламын. Ал мемлекет төлейтін жалақым шамамен 1,2 миллион теңге», – деді Ерлан Ақкенженов.
Журналистер министрден коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауынан түскен қаражат қайда жұмсалатынын және бағаның өсуі қашан тоқтайтынын да сұрады.
Министрдің айтуынша, тарифтердің көтерілуінен түскен қаражат ең алдымен энергетикалық жабдықтарды жөндеуге, олардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және қызметкерлердің жалақысын арттыруға бағытталады. Сондай-ақ жылу электр орталықтарының жағдайын жақсартуға жұмсалады.
Алайда Ерлан Ақкенженов коммуналдық қызмет бағасының қымбаттауы нақты қашан тоқтайтынын айтпады.



