«Биржалық саудаға көшу керек»: кәсіпкер азық-түлік бағасын тұрақтандырудың жолын ұсынды
инфрақұрылымның әлсіздігінен картоп бағасы 140–160 теңгеден 500 теңгеге дейін шарықтап кеткен болатын.

Пандемия кезеңі адамзатқа өмірдегі ең басты құндылықтың бірі — азық-түлік қауіпсіздігі екенін айқын көрсетті. Тұтынушының табысы азайған күннің өзінде, оның негізгі шығыны бәрібір ас-суға бағытталады. Дәл осы себепті ішкі нарықтағы көкөніс пен негізгі азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру — мемлекет үшін де, бизнес үшін де стратегиялық маңызды міндет.
Отандық кәсіпкерлердің бірі бұл мәселені қағаз жүзінде емес, іс жүзінде шешудің нақты жоспарын ұсынып отыр. Ол үшін логистикалық инфрақұрылымды дамытып, делдалдар санын реттеп, нарыққа заманауи биржалық тетіктерді енгізу қажет.
Кәсіпкердің пайымдауынша, баға тұрақтылығының алғашқы қадамы күнделікті тұтынатын өнімдерден басталуы тиіс.
«Біздің ойымыз — ең алдымен халық „екінші нан“ деп мойындаған картопты өндіру. Одан кейін сәбіз, қызылша, мыңжапырақ сияқты күнделікті сорпаға қосатын негізгі көкөністерді (сорпалық жиынтықты) толық өзіміз өсіруді жоспарлап отырмыз», — дейді ол.
Бұл көкөністердің бағасын бірқалыпты ұстау кез келген сауда орнының әлеуметтік міндетін айқындайды. Тәжірибе көрсеткендей, көкөніс қай жерде арзан болса, халық сол жерге көп жиналады. Ал базар — бұл қалтасы қалыңдардың емес, еңбегі мен ақшасының құнын білетін зейнеткерлердің, студенттер мен мемлекеттік қызметшілердің баратын басты әлеуметтік нысаны.
Күз айларында өнім жиналған уақытта алқап басында баға бірден құлдырайды. Ал 2-3 айдан кейін, жаңа жылға таман баға күрт өсіп, көктемге қарай шарықтау шегіне жетеді. Мұның басты себебі — күзде жиналған өнімді сапалы сақтайтын инфрақұрылымның, яғни қоймалардың тапшылығы. Шаруалар өнім бұзылып кетпес үшін оны арзан бағаға тездетіп сатып жіберуге мәжбүр.
Осы заңдылықты бұзу үшін кәсіпкер үкімет бөлген 2,5 гектар жерге сыйымдылығы 7 мың тонналық заманауи қойма салған.
«Егер ірі сауда орындарын ұстап отырған бизнес өкілдері де осы мәселеге көңіл бөліп, өз қоймаларын салса, біз нарықты жыл бойы тұрақты өніммен қамтамасыз ете аламыз. Қоймада тауардың тұрақты қоры болса, қай айда баға қандай болатынын алдын ала жобалап отыруға болады», — деп түсіндірді кәсіпкер.
Бұған дәлел ретінде ол 2023 жылғы жағдайды мысалға келтірді. Ол кезде инфрақұрылымның әлсіздігінен картоп бағасы 140–160 теңгеден 500 теңгеге дейін шарықтап кеткен болатын. Қазір мұндай өткір секірістер жоқ, себебі Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (СПК) арқылы шаруаларға алдын ала қаржы бөлініп, өнімді сақтайтын орындар келісілуде.
Делдалдарды бір күнде жою мүмкін бе?
Қоғамда «бағаны өсіріп отырған делдалдарды нарықтан мүлдем алып тастау керек» деген біржақты пікір бар. Алайда, кәсіпкер бұған асығыс қарамай, табиғи қалыптасқан жүйені бұзбай реттеу қажет деп санайды.
Қазіргі таңда инфрақұрылым толық дайын болмағандықтан, көптеген шаруалар делдалсыз өз тауарын сата алмайды. Мысалы, мал өсірушілер базарға келгенде еттің қай бөлігін кімге өткізуді білмейді. Ал 30 жыл бойы осы саланың қыр-сырын меңгерген делдалдар еттің сүйекті жерін асханаларға, жақсы жерін мейрамханаларға телефон арқылы-ақ үйлестіріп, тауарды консигнацияға (ақшасын кейін төлеу шартымен) алып, жүйелі жұмыс істеп отыр.
Бұл дайын тұрған жүйені бірден құртсақ, сөрелерде тауар азайып, баға тіпті шарықтап кетуі мүмкін. Кәсіпкер ұсынған басты балама — өнімді өзіміз егіп, өзіміз сақтап, тікелей саудаға шығару. Сонда ғана арадағы қажетсіз делдалдар нарықтан табиғи түрде ығысады.
Кәсіпкер азық-түлік бағасын тұрақтандыруды әкімшілік тыйымдармен немесе күштеп шектеумен емес, нарықтық жолмен шешуді ұсынады. Оның басты құралы — халықаралық тәжірибеде бар биржа тәсілі.
| Кезеңдер | Стратегиялық қадамдар | Жүзеге асу мерзімі |
| І кезең | Негізгі көкөністерді («сорпалық жиынтықты») өзіміз өндіру | 1-2 жыл |
| ІІ кезең | Қойма желілерін дамытып, өнімді жыл бойы сақтау инфрақұрылымын құру | 2-3 жыл |
| ІІІ кезең | Азық-түлік және көкөніс саласына биржа саудасы жүйесін енгізу | 3-5 жыл |
«Біз қазір социализмде емес, нарық экономикасында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан баға сұраныс пен ұсыныс заңына бағынуы тиіс. Жақын арада, 3-5 жылдың ішінде біздің нарыққа да биржалық сауда енеді. Қазір біздің басты міндетіміз — осыған инфрақұрылымымызды дайындап үлгеру», — деп түйіндеді кәсіпкер.
Жоспарланған 5 жылдық стратегиялық бағыт дұрыс іске асса, елімізде делдалдардың үстеме бағасынсыз, тікелей өндірушіден келетін тұрақты әрі қолжетімді азық-түлік нарығы қалыптаспақ.


