«Домбыра — менің өмірім» — Никита Скоба
Басында аздап қымсындым. Бір кісі видеоға түсіріп, «өзіңді TikTok-тан күт» деді. Көп ұзамай видео тарап кетті.
Желіде автобус салонында қазақтың домбырасымен күй төгілтіп отырған орыс жігітінің видеосы тараған еді. Кейіннен желі жұлдызына айналған жігіттің есім-сойы Никита Скоба екені белгілі болады. Ол -Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Новопокровка ауылында дүниеге келген. 11-сынып оқушысы.
Tiek.kz редакциясы желі жұлдызына айналған Никитамен хабарласып, эксклюзивті сұхбат алған еді. Сұқбат барысында Никита өзінің өнері, армандары және домбыраға деген ерекше махаббаты туралы айтып берді.
Никитаның айтуынша, домбыраға деген қызығушылығы күтпеген жерден басталған. «Мен негізі суретшімін, көптеген байқаулардың жеңімпазымын. Бірақ бірде музыка кабинетінде тұрған домбыраны көріп, оны шертіп көргім келді. Домбыраға деген құмарлығым осылай басталды», — дейді домбырашы жігіт.
Кейіннен Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлеріне қызығушылығы артып, күй үйренуге көшеді. Бүгінде Никитаның репертуары «Балбырауын», «Адай», С. Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» сынды күйлермен толығып үлгерген.
Сұқбат барысында өзінің желіге танымал еткен сәтке тоқталады. Айтуынша, бәрі Астанада өткен көшбасшылар форумынан басталған. Бос уақытында «Хан Шатырға» бара жатқанда, досы «автобуста ойнап берші» деп өтініш айтады.
«Басында аздап қымсындым, адамдарға кедергі келтірмеймін бе деп ойладым. Бірақ рұқсат сұрап, ойнай бастағанда, бәрі риза болды. Бір кісі видеоға түсіріп, «өзіңді TikTok-тан күт» деді. Көп ұзамай видео тарап кетті. Оған дейін де «Ертұғрыл» күйін ойнаған видеом 2,5 миллион қаралым жинаған болатын», — дейді жұлдызды сәтін еске алып.
Желі жұлдызы Никита Скобамен болған эксклюзивтті сұхбатты мына жерден тамашалай аласыздар.



