«Ресейге сутек хлоридін жеткізген»: қазақстандық компания санкцияға ілікті
Еуропалық одақ 23 сәуірде Ресейге қарсы санкциялардың кезекті пакетін қабылдады. Осы пакетте санкцияларды айналып өтуге қатысқан ортаазиялық кәсіпорындар да бар, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстанда тіркелген «United Trading Group» ЖШС – солардың бірі. Ашық деректерден кәсіпорын 2022 жылдың 16 наурызында алғаш рет тіркеуден өткенін көруге болады.
Бұл кәсіпорын микрочип жасауға қажетті тазартылған сутек хлоридін Германиядан сатып алып, Ресейге қайта экспорттаған.
“Германиялық UrSeCo Handels GmbH & Co. KG компаниясы Wacker Chemie AG өндіретін жоғары тазалықтағы сутек хлоридін (HCl), жартылай өткізгіш пластиналарын өңдеуге арналған маңызды химиялық затты, Қазақстандағы «United Trading Group» компаниясына жеткізеді. «United Trading Group» кейін HCl өнімін Ресейдің LLC «Siltron» және Electronsnab компанияларына қайта жеткізеді. Жеткізу тізбегі Польша, Түркия және Қазақстан арқылы өтеді, – деп жазылған ресми құжатта.
ЕО заңнамасы бойынша тазартылған сутек хлориді Ресейге тікелей экспорттауға тыйым салынғанын. Сутек хлориді күнделікті тұрмыспен қатар жоғары технологиялар мен әскери өндіріске де жарамды өнім саналады.
Еуропалық одақ «United Trading Group» ЖШС айналасында құрылған тізбекті санкцияларды әдейі айналып өту ретінде бағалап, компанияның негізін қалаушы мен оған қатысы бар тұлғаларды санкция тізіміне енгізген.
Ал бұл шешімнің нақты экономикалық салдары бар. Ең алдымен, санкцияға іліккен тұлғалар мен компаниялардың Еуроодақ аумағындағы барлық активтері банк шоттары, мүлкі және басқа да қаржылық ресурстары бұғатталуы мүмкін. Еуроодақ аумағында тіркелген компанияларға қазақстандық кәсіпорынмен бірлесіп тауар жеткізуге, қызмет көрсетуге немесе жаңа келісімшарт жасауға тыйым салынады. Шектеулер компания халықаралық қаржы жүйесінен оқшаулауы да мүмкін. Өйткені банктер репутациясын ойлап, операцияларды тоқтатады да трансшекаралық төлемдер күрт қиындайды.
Құжатта санкцияларды айналып өтуде Орталық Азияның қандай рөл ойнап отырғаны бұған дейінгі кейстер мысалында баяндалған.
Бұл жолғы тізімге Әзербайжандағы Yelo Bank, Қырғызстандағы «Керемет-банк» пен Capital Bank of Central Asia да кірген.
Еуроодақ бұл жолы криптовалюта секторына да нақты шектеулер енгізіп отыр. Тізімде Қырғызстандағы «ТенгриКоин» компаниясы да бар. Ол рубльге байланған A7A5 стейблкоинін сатқаны үшін санкция ілінген.



