Әлем

«Мұжтаба Хаменеиге пластикалық ота жасалуы мүмкін» — БАҚ

28 ақпанда Израильдің соққысы салдарынан жарақаттанған Иранның рухани көсемі Мұжтаба Хаменеидің бетін күйік шалған, бұл оның сөйлеуін қиындатуы мүмкін. Оған пластикалық ота қажет деп жазды дереккөздерге сүйенген The New York Times басылымы.

Тегерандағы резиденцияға соққы кезінде Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи қаза болған. 9 наурызда оның орнын ұлы Мұжтаба Хаменеи басты – бірақ ол әлі күнге дейін жұрт алдына шыққан жоқ.

NYT дерегінше, Хаменеи жұрт алдында әлсіз әрі дімкәс көрінбес үшін видеомәлімдеме жасамаған. Тек жазбаша мәлімдемелермен шектелген. Оның мәлімдемесі мемлекеттік телеарналарда оқылды.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, Хаменеидің аяғына үш рет операция жасалған және оған протез салынуы мүмкін. Бұған қоса, қолына да ота жасалған – қолы біртіндеп қалпына келіп жатыр. Иранның жоғары лауазымды төрт шенеунігінің айтуынша, жарақатқа қарамастан Хаменеидің «ақылы сау, белсенді».

NYT жазуынша, Хаменеидің айналасында негізінен дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жүр. Ислам ревоюциясы сақшылар корпусының қолбасшылары мен үкімет шенеуніктері Израиль оның орнын біліп қоя ма деп секемденіп, ол жаққа бармайды

  • 56-жастағы Мұжтаба Хаменеи – Әли Хаменеидің алты баласының екіншісі. Тегерандағы Алави медресесінде орта білім алған. Иран ақпарат құралдарының жазуынша, Иран-Ирак соғысы кезінде қысқа уақыт әскери қызметте болған. 1999 жылы шииттерге киелі саналатын Құмға барып, діни зерттеуін жалғастырған.
  • Мұжтаба Хаменеи ешқашан мемлекеттік лауазымды қызмет атқармаған, бірақ шамамен 20 жыл уақыт әкесінің аппаратында істеген, Ислам ревоюциясы сақшылар корпусы мен басқарма қатынасын үйлестірді.
  • Мұжтаба Хаменеидің әйелі Захра Хаддад Адель де 28 ақпанда соққыдан мерт болды. Мұжтаба мен Захраның үш баласы бар — бірі 28 ақпан күнгі соққыдан қаза болды.
  • 28 ақпанда АҚШ Израильмен бірігіп, Иранға қарсы әскери операция бастаған.

Дереккөз: Азаттық радиосы

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button