«Әскерде «табуреткамен ұру» сияқты классикалық әлімжеттік азайғанымен, «уставщина» тыйылмай тұр» — Мәжіліс депутаты
Бір сарбаз қателессе, бүкіл ротаны газқағармен үш шақырым жүгірту - бұл тәрбие емес, бұл өшпенділікті тудыру. Мұндай әдістерден бас тарту керек.

Әскердегі әлімжеттік мәселесін жою үшін сержанттардың жалақысын көтеру керек. Дұрыс жалақы төленбеген жерде біліктілік пен тәртіп болмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Олжас Құсбеков «Тиек» ютуб-арнасына берген сұқбатында айтты. Айтуынша, қазір сержанттардың жалақысы өте төмен, ал жұмысы шаш етектен.
«Жалақы аз жерде іріктеу де әлсіз болады. Білікті мамандар кетіп, басқа жұмыс таппағандар қалуы мүмкін. Сондықтан мемлекет тарапынан сержанттардың мотивациясын көтеріп, олардың арасында үлкен конкурс болатындай жағдай жасау керек. Олар сарбаздармен тікелей жұмыс істейді, олардың психологиялық жағдайына жауапты. Егер сержант сарбазға ағалық, әкелік қамқорлық таныта алмаса, жас бала казармалық жағдайда сынып кетуі мүмкін. Біз бұл мәселеге тереңірек қарауымыз керек. Себебі, бұл жерде адам өмірі, адам факторы тұр. Жан-жақтан жиналған, мінездері әртүрлі жастарды тәрбиелеу — үлкен жауапкершілік», — дейді депутат.
Сондай-ақ ол қазіргі таңда әскердегі жағдайдың біршама жақсарғанын айтады. Дәл 90-жылдардағыдай «табуреткамен ұру» сияқты классикалық әлімжеттік азайған.
«Өкінішке қарай қазір қоғамда болып жатқан жол апаты, суицид немесе зорлық-зомбылық секілді келеңсіздіктер әскерде де көрініс тауып отыр. Қазір әсіресе «уставщина» арқылы, яғни жарғы аясында рұқсат етілген әдістермен адамның психологиясын құрту сынды әрекеттер жиі кездеседі. Мәселен, «ұжымдық жауапкершілік» (коллективный метод) деген бар. Бір сарбаз қателессе, бүкіл ротаны газқағар кигізіп қойып 3 шақырым жүгірту — бұл тәрбие емес, бұл өшпенділікті тудыру. Мұндай әдістерден бас тарту керек. Дегенмен, қазір 90-жылдардағыдай «табуреткамен ұру» сияқты классикалық әлімжеттік азайған», — дейді ол.
Сұхбат барысында Олжас Құсбеков құмар ойынға тәуелділікпен күрес аясында енгізілген шектеулердің мемлекеттік аппарат пен күштік құрылымдарға қалай әсер еткенін ашып айтты. Депутаттың айтуынша, заңнамалық деңгейде мемлекеттік қызметкерлер мен әскерилерге құмар ойын ойнауға ресми түрде тыйым салынғаннан кейін, кадрлық мониторинг күшейтілген.
«Нәтижесінде құмар ойын орындарына барған немесе ставка тіккені дәлелденген азаматтар мемлекеттік қызметтен босатылған. Бұл процесс тек төменгі деңгейде емес, жоғары лауазымды тұлғаларға да қатысты болып отыр. Сол секілді лудоманияға қарсы күрес әсіресе әскер қатарында да қатаң жүріп жатыр. Сарбаздар арасындағы бұл дертті бақылай алмаған немесе өзі де соған бейім болған біраз офицерлер мен сержанттар қызметінен босатылды», — дейді депутат.
Сұқбаттың толық нұсқасын «Тиек» ютуб-арнасынан тамашалай аласыздар.



