Экономика
Тренд

Жеке тұлғалардың банкроттығы дегеніміз не және оны қалай пайдалануға болады?

Көптеген азаматтар үшін несие жүгі ауыр мәселеге айналғаны жасырын емес. Осындай тығырыққа тірелген жағдайда мемлекет ұсынған жеке тұлғалардың банкроттығы тетігін пайдалануға болады, деп хабарлайды tiek.kz.

Бірақ бұл — жай ғана қарыздан оп-оңай құтыла салу емес, өзіндік шарттары мен салдары бар күрделі процесс.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруі бойынша, елімізде банкроттықтың екі жолы бар:

Соттан тыс банкроттық (Ең оңай жолы)

Сот арқылы банкроттық

 Қайсысын таңдау керек?

Ол қарыз мөлшеріне және мүлкіңіздің бар-жоғына байланысты болмақ.

  1. Соттан тыс банкроттық (Ең оңай жолы)

Егер сіздің қарызыңыз 6,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспаса және атыңызда ешқандай мүлік (үй, көлік, жер) болмаса, осы жолды таңдайсыз.

Шарттары: Соңғы 12 ай бойы несие төленбеген болуы тиіс және банкпен қарызды реттеуге тырысқаныңыз туралы дәлел болуы керек.

Қайда жүгіну керек: eGov.kz порталы немесе «Е-Salyq Azamat» қосымшасы арқылы онлайн өткізіледі.

Мерзімі: Әдетте 6 ай.

Егер қарызыңызды төлемегеніңізге 5 жылдан асса, мүліктің бар-жоғына қарамай-ақ өтініш бере аласыз. Мұндай жағдайда процесс небәрі 1 айдың ішінде аяқталады.

2.Сот арқылы банкроттық

Егер қарызыңыз 6,9 млн теңгеден асса немесе атыңызда мүлкіңіз болса, мәселе сот арқылы шешіледі. Бұл жағдайда борышкердің мүлкі сатылып, түскен ақша қарызды жабуға жұмсалады.

 Банкрот деп танылғаннан кейін не болады?

Банкроттық — бұл жауапкершіліктен қашу емес, мемлекет тарапынан беріліп отырған жаңа мүмкіндік.

Бірақ оның өзіндік шектеулері бар:

Несие алуға тыйым: Алдағы 5 жыл бойы сізге ешқандай банк немесе микронесие ұйымы қарыз бермейді.

Қайталап қолдану: Банкроттық рәсімін тек 7 жылдан кейін ғана қайта пайдалана аласыз.

Бақылау: Банкрот болғаннан кейін алдағы 3 жыл ішінде қымбат мүлік (үй, көлік) сатып алсаңыз, несие берушілер банкроттықтың күшін жоюды талап етуі мүмкін.

Есте болатын жайт:

Банкрот деп танылған тұлға 5 жыл ішінде несие ала алмайтынын, 7 жыл ішінде банкроттық рәсімін қайта қолдана алмайтынын, сондай-ақ мұндай тұлғаның 3 жыл ішінде мүлік сатып алуы кредитордың банкроттықты жою туралы өтінішпен жүгінуіне негіз бола алатынын есте ұстаған жөн.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button