Денсаулық

Тегін берілуі тиіс дәрілер дәріханаларда сатылып жатыр

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды таңбалау жүйесіне жүргізілген талдау нәтижесінде тегін медициналық көмек шеңберіне арналған препараттардың заңсыз сатылу фактілерін анықтады.

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздің дәріхана ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде бөлінген 4114 препараттың заңсыз өткізілгені тіркелді. Тексеріс барысында медициналық мекемелер арқылы науқастарға берілуі тиіс дәрілік заттардың кейіннен бөлшек сауда желілеріне түсіп, заңсыз қайта сатылғаны анықталды.

Мемлекеттік бақылау аясында 74 нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Нәтижесінде:

  • 31 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 12,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
  • 43 нысанға анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді.

Сонымен қатар «Таңбаланған тауарлардың электрондық құжат айналымы орталығы» платформасы арқылы таңбалау кодтарын пайдалануда жүйелі бұзушылықтар тіркелді. Атап айтқанда, препараттарды айналымнан қайта шығарудың 35 537 жағдайы және бір кодты бірнеше қатысушының қолдануының 480 752 жағдайы анықталды.

Анықталған деректер бойынша барлық материалдар тиісті құқықтық баға беру және шара қолдану үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жолданды.

Қазіргі уақытта уәкілетті орган тарапынан қосымша тексеру амалдары жүргізілуде және бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button