Денсаулық

Шымкентте егу бөлмелерінде 4 адам қайтыс болды

Шымкентте дәріханалар жанындағы егу бөлмелерінде 4 адам қайтыс болған. Қайғылы оқиғаларға қатысты тексеру жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. 

Otyrar.kz сайтының хабарлауынша, 2025 жылы Шымкенттегі дәріханалардың жанынан ашылған егу бөлмелерінде 4 қайғылы оқиға тіркелді. Бұл туралы қалалық өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Ресми мәліметке қарағанда, ауырып, ем іздеген  тұрғындар өз аяғымен барып, жедел жәрдем келгенше көз жұмған.

«4 жағдай Шымкент қаласында орын алған. Ол әртүрлі егу бөлмелері.  Егі бөлмелері болғанда дәріхананың ішіндегі егу кабинеттері. Сол аптекадан дәрі-дәрмек алынып, тұтынушыға қолданылған кезеңде жедел жәрдем келгенге дейін тұтынушының қайтыс болған жағдайы тіркелген», — дейді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Полат Бердалиев.

Полат Бердалиевтің сөзінше, қайғылы оқиғаларға қатысты полиция департаменті және медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті тиісті тексеру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде кемшіліктер анықталған.

 

«Тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қолданылып, сәйкесінше құқық қорғау органдарына, полиция департаментіне құқықтық баға беру, процесуалдық шешім қабылдауға хаттар жолданылды», — дейді ол.

Дегенмен, департамент өкілдері ұсынған қорқынышты деректерге қарамастан ауыра қалса дәрігерге емес, алдымен дәрі іздеп дәріханаға асығатын тұрғындар бар. Бұл дұрыс па, бұрыс па?

«Дұрыс емес деп ойлаймын. Дәрігердің рецептінсіз мүлде болмайды. Жасауға салуға».
«Бір жағы дұрыс, бір жағы дұрыс емес. Ол үшін білуіңіз керек бәрін. Ол жерге барғанда дұрыс врач бар ма? Дұрыс беріп жатыр ма, соның бәрін білу керек».

«Дәрігерге жүгінген дұрыс. Емханаға барамыз ғой бірден, немесе шақырамыз, келеді».

Департамент дерегінше, өткен жылы 13 жекеменшік дәріханалардың жанынан ашылған егу бөлмелеріне тексеру жүргізілген. 14 әкімшілік хаттама толтырылып,  12 егу бөлмесі жабылған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button