«Пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына алып келуі мүмкін»: Денсаулық сақтау министрі шұғыл үндеу жасады

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елде қызылша ауруының өршуіне байланысты ата-аналарға үндеу жасады.
Министрдің айтуынша, қызылша ауруы — жай ғана инфекция емес, пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдануына және өзге де ауыр асқынуларға әкеп соғуы мүмкін. Әсіресе ерте жастағы балалар үшін қауіпті.
«Қазір елімізде қызылша ауруын жұқтырғандар көбейді. Бұл «қарапайым балалар инфекциясы» емес. Қызылша — асқынуы ауыр болуы мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына және басқа да күрделі салдарға әкелуі мүмкін. Әсіресе ерте жастағы балалар осал келеді», — дейді Әлназарова.
Ақмарал Әлназарованың сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар шара қабылдаған. Атап айтқанда, 6-10 айлық балаларға қосымша иммундау басталды, екпе алмаған балаларды вакцинациялау ұйымдастырылды және профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Министр сырқаттанушылықтың өсу қарқыны бәсеңдей бастағанын, дегенмен жағдай баршаға ортақ жауапкершілікті талап ететінін айтты.
Сонымен қатар ведомство басшысы вакцинация ғана сенімді қорғаныс екенін алға тартты. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген.
«Сенімді қорғанудың жалғыз жолы — вакцинациялау. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген. Сіздерді дәлелді медицина қағидаттарына және мамандардың ұсынымдарына сүйенуге шақырамын. Балаңызға екпе жасату арқылы сіз тек өз балаңызды ғана емес, өзге балаларды да қорғайсыз», — деп атап өткен Әлназарова өз үндеуінде.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



