Уәде еткен дәрі қайда, министр мырза?
Өткен жылы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақ ғалымдары әлемде теңдесі жоқ ракқа қарсы дәрі жасап шығарғанын айтып сүйінші сұраған еді.

«Ракқа қарсы дәрінің клиникалық сынағының кезеңі сәтті аяқталды. Сынаққа Алматыдағы радиология институтындағы емге онкологиямен ауыратын науқастар қатысты. Қазір үшінші кезеңге көштік, жақын арада ісікке қарсы дәріміз шығады. Нәтиже үміт ұялатады. Қазір премьер-министр мәселені жеке бақылауына алды», – деген еді министр.
Расы керек, министр мырзаның ақжолтай жаңалығы талай жанның үміт отын оятқан еді. Содан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Ғажайып дәріге үміт еткен науқастар күн санап күтумен келеді. Сондай жандардың бірі — Раушан Бабатаева. Әр күн сайын ауыр сырқаттан айығудың жолын іздеп, жанталасқан ол «бар үмітім осы отандық препаратта. Әзірше шетелде емделіп жатырмын» дейді.
Бір қызығы соңғы кездері онкологияға қарсы сол отандық препарат туралы айтылмайтын болды. Білетіндер әлі сараптамадан өтіп жатқанын айтады. Осы мәселе бойынша tiek ютуб арнасы арнайы зерттеу жүргізіп, Ғылым және жоғары білім министрлігінен отандық дәрі туралы сұрап білмек болған. Қызық болғанда Министрлік өкілдері Нұрбек мырза сүйіншілеген ғажайып дәрі туралы нақты ештеңе білмейтін болып шыққан.
«Әлі сараптама өтуде. Соңғы нәтижесін алған жоқпыз… Осы жылдың басында жоспарлағанбыз бірінші сатыға жетеміз ғой деп. Бұл ғылым ғой. Сондықтан нақты айту «бүгін болады, ертең болады» деп айту қиын. Күтейік», — дейді Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Гүлзат Көбенова.
Қысқасы, онкологияны емдеуге байланысты кез келген жаңалыққа елеңдеп отқан науқастарда онсыз да күткеннен басқа амал жоқ секілді. Өйткені шетелге барып емделу қымбат, ал елдегі «зеленый коридор» мәселесі шешілмеген.
Елімізде жалпы денсауық саласында түйіні шешілмеген мәселе көп, МӘМС төңірегіндегі дау да тыйылар емес. Оны Министрлік өкілдері де мойындайтын секілді. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов «өзімізде емдеуге толықтай қауқарлымыз» дегенімен нақты іс жүзінде өзінің де Кореяға барып ем алып жүргенін айтқан.



