АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла аумағында ауқымды әскери операция жүргізілгенін және ел президенті Николас Мадуроның ұсталып, шетелге шығарылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, операция барысында Венесуэладағы бірқатар нысандарға соққы берілген. Қазіргі уақытта Мадуроның нақты қайда екені белгісіз.
Трамп бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. Оның жазуынша, операция АҚШ-тың құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асқан. Сондай-ақ, ол Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясында баспасөз мәслихаты өтетінін жариялады. Қазіргі таңда Трамп демалысын сол жерде өткізіп жатыр.
Америкалық ресми тұлғалар бұған дейін CBS News телеарнасына берген мәліметінде Трамптың Венесуэла аумағындағы, соның ішінде әскери нысандарға соққы беруге бұйрық бергенін растаған.
Каракаста жарылыстар болды

Сенбі күні таңертең Венесуэла астанасы Каракаста бірнеше жарылыс тіркелді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Фуэрте-Тиуна әскери базасы маңында қою түтін көтеріліп, ұзаққа созылған қатты жарылыстар естілген. Қаланың оңтүстік бөлігі жарықсыз қалған.

Ал CNN дерегінше, жарылыстар елдің солтүстігіндегі Ла-Гуайра штатында да естілген. Каракаста тұратын журналист Ванесса Сильва жарылыстың үйін қатты шайқағанын, дыбысы найзағайдан да күшті болғанын айтқан.
Венесуэла билігінің реакциясы
Венесуэла билігі болған оқиға үшін АҚШ-ты тікелей айыптады. Елдің Ақпарат министрлігі соққылар азаматтық және әскери нысандарға, сондай-ақ Миранда, Арагуа және Ла-Гуайра штаттарына бағытталғанын хабарлады. Ресми Каракас бұл әрекетті елдің саяси тәуелсіздігін күшпен басу және мұнай мен пайдалы қазбаларды бақылауға алу талпынысы деп бағалады.
Венесуэла үкіметі халықаралық қауымдастыққа жүгініп, АҚШ-ты жауапкершілікке тартуды талап етіп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне өтініш жолдады.
АҚШ не дейді?
Алғашқы сағаттарда Ақ үй мен Пентагон жағдайға қатысты түсініктеме бермеді. Кейінірек Дональд Трамп соққылардың жасалғанын және Николас Мадуроның «ұсталып, елден әкетілгенін» өзі растады.
Reuters агенттігі еске салғандай, Трамп бұған дейін де Мадуроға қысымды күшейту мақсатында Венесуэлада құрлықтағы операциялар жүргізу мүмкіндігін бірнеше рет айтқан.
«Есірткіге қарсы соғыс» және екінші соққы
CNN дерегінше, желтоқсан айында ЦРУ дроны Венесуэла жағалауындағы бір айлаққа соққы берген. Ол нысан есірткі тасымалдаумен айналысатын Tren de Aragua тобына тиесілі болуы мүмкін деген ақпарат тараған. Бұл АҚШ-тың Венесуэла аумағына жасаған алғашқы расталмаған шабуылы болуы ықтимал.
АҚШ әкімшілігі бұл әрекеттерді «есірткіге қарсы соғыс» аясында түсіндіріп, Кариб теңізі аймағында әскери қатысуын едәуір күшейткен. Ал Мадуро бұл айыптауларды жоққа шығарып, Вашингтонды елдегі билікті құлату және мұнай қорына қол жеткізу үшін сылтау іздеп отыр деп айыптады.
Дереккөз:
BBC – BBC Russian қызметінің материалы
