770 мың теңгеге дейін өседі: Келер жылдан бастап Қазақстанда декреттік төлемдер қалай есептеледі

2027 жылдан бастап Қазақстанда декреттік төлемді есептеу кезінде ескерілетін айлық табыстың ең жоғары мөлшері 770 мың теңгеге дейін өседі. Бұл ең төменгі жалақының 110 мың теңгеге дейін көтерілуіне байланысты. Қолданыстағы тәртіп бойынша әлеуметтік төлемдерді есептегенде айлық табыс 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.
Биыл декреттік төлемді есептеу кезінде айына ең көбі 595 мың теңге табыс ескерілсе, 2027 жылы бұл көрсеткіш 770 мың теңгеге жетеді. Себебі есепке алынатын табыс ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерімен шектелген. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл ретте 770 мың теңге – төленетін жәрдемақы емес, оны есептеуге негіз болатын ең жоғары айлық табыс. Нақты төлем адамның соңғы 12 айдағы әлеуметтік аударымдарына және декреттік демалыс ұзақтығына байланысты есептеледі.
Ай сайынғы бала күтімі төлемінің есептік шегі де өзгереді. Ол соңғы 24 айдағы орташа табыстың 40 пайызы бойынша есептеледі. Жаңа шекке сәйкес, төлемнің ең жоғары мөлшері міндетті зейнетақы жарнасына дейін 308 мың теңгеге жетуі мүмкін.
«Әйелдер жүктілік пен босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда Қордан біржолғы әлеуметтік төлем ала алады. Әлеуметтік аударымды жұмыс беруші төлейді, ал жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындар оны өздері аударады. Төлем алу үшін жүктіліктің 30-аптасынан бастап берілетін еңбекке жарамсыздық парағын алу қажет. Қорға өтінішті осы құжат берілген күннен бастап 12 ай ішінде тапсыру керек», – делінген министрлік хабарламасында.



