Мәдениет

Өнермен өрбіген өмір…

19 қараша күні Ақтөбе облыстық өнер музейінде «Ұстаздан шәкіртке – өнер аманаты» атты ерекше шеберлік сабағы мен көрме өтті. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, мәдениет саласы жылдан жылға дамып келеді. Осы мәдениет саласында көптеген қызметкерлер елеулі еңбек сіңіріп, қоғам назарын аударды. Сондай кісілердің бірі Қалалық көркемсурет лицейінің педагогтері — Жүлкерова Гүлназ Шамилқызы мен Құрманова Нұргүл Мұхамбетжанқызы өнер арқылы ұрпаққа бағыт –бағдар беріп, әлі күнге дейін шәкірттеріне тәрбие мен шабыт сыйлап келеді. Осы көрменің басты кейіпкерлерінің бірі Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі, Жабасақтың тумасы – Құрманова Нұргүл Мұхамбетжанқызы. Ол ұзақ жылдардан бері ұстаздық қызмет пен шығармашылық ізденісті қатар алып, жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді. Ендеше, өнер жолын ауылдан бастаған ұстаздың өмірі мен шығармашылығына тоқталайық.

«Жабасақтан қанат қаққан…»

Құрманова Нұргүл Мұхамбетжанқызы 1980 жылдың 29 шілдесінде Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарасты Жабасақ ауылында дүниеге келген. Тамыры тереңге тартқан, еңбекті қадірлеп, адамдық қасиетті биік қоятын өнегелі отбасында тәрбиеленіп өскен Нұргүлдің өмір жолының қалыптасуына ата-анасының тәлімі мен отбасындағы тағылымды тәрбие ерекше әсер еткені анық. Әкесі Құрманов Мұхамбетжан Жабасақ совхозында бас есепші қызметін атқарғанқарапайым еңбек адамы. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, ауылдастарының арасында зор құрмет пен ықыласқа бөленген сыйлы азамат болған. Жақындарының айтуынша, ақкөңіл мінезі мен қарапайым болмысына тәнті болған жерлестері оны еркелетіп «Мұхит» деп атап кеткен екен. Бұл – ауыл адамдарының арасындағы сыйластық пен шынайы құрметтің бір көрінісі болса керек. Анасы Құрманова Сәнім Кіжтайқызы да Жабасақ совхозында бас есепші болып еңбек еткен. Бір шаңырақ астында ел игілігі үшін аянбай қызмет еткен қос есепшінің отбасында еңбекқорлық, жауапкершілік, ұқыптылық пен адалдық басты құндылықтарға айналған. Нұргүлдің бауырлары да ата-анадан алған тәрбиені өмірлік ұстаным етіп, әр салада абыройлы еңбек етіп келеді. Үлкен ағасы Құрманов Руслан Мұхамбетжанұлы Әйтеке би ауданының орталығы – Темірбек Жүргенов ауылындағы Т.Жүргенов атындағы орта мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, олардың еңбекке деген қызығушылығын қалыптастыру жолында тер төгіп жүр. Кіші ағасы Сейтахметов Сәкен Мұхамбетжанұлы аудан орталығында орман шаруашылығының бас маманы қызметін атқарып, табиғат байлығын қорғау мен сақтау ісіне өз үлесін қосуда. Ал жалғыз әпкесі Құрманова Айгүл Мұхамбетжанқызы Ақтөбе қаласындағы Әбіш Кекілбайұлы атындағы №72 жалпы білім беретін IT мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Балғын шәкірттердің алғашқы білім баспалдағына жол ашып, олардың болашағына бағыт-бағдар беріп жүрген ұлағатты ұстаз.

Бір отбасынан шыққан төрт баланың әрқайсысы қоғамның әр саласында еңбек етіп, өз орындарын тапқан. Бірі – білім беру саласында жас ұрпақ тәрбиелесе, енді бірі табиғат қорғау ісіне, тағы бірі мектеп қабырғасында еңбекке баулу ісіне атсалысуда.

Бұл отбасының өмір жолына көз жүгірткенде, ата-ананың адал еңбегі мен тағылымды тәрбиесінің ұрпақ жалғастығындағы маңызын аңғаруға болады. Өйткені адамға берілген ең үлкен мұра – дүние-мүлік емес, өнегелі тәрбие, адалдық пен еңбекке деген құрмет. Нұргүл Мұхамбетжанқызының да өмірлік қалыптасуы осындай құндылықтарды ту еткен отбасынан бастау алады.

 

«Өнерге дейінгі алтын ұя…»

Нұргүл Құрманованың өнерге деген қызығушылығы бала кезінен бастау алады. 1987 жылы М. Жұмабаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған ол алғашында орыс тілінде білім беретін мектепте оқиды. Ал 1991 жылы білім ордасында қазақ сыныптары ашылған кезде ата-анасының арнайы өтінішін күтпестен, өз еркімен қазақ сыныбына ауысады. Бұл шешім оның ана тіліне деген құрметі мен ұлттық болмысқа деген жақындығын аңғартқандай. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ сурет салуға ерекше ықылас танытқан Нұргүл бейнелеу өнерінің алғашқы қыр-сырын үлкен ағасы Русланнан үйренеді. Өйткені мектепте бұл пәннен сабақ беретін арнайы мұғалім болмаған. Ағасының ақыл-кеңесі мен қолдауы оның сурет әлеміне деген қызығушылығын одан әрі арттырып, болашақ мамандығын таңдауға жол ашады. 1995 жылы тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң, Нұргүл кәсіби білім алуды мақсат етіп, бұрынғы кәсіптік-техникалық училищеге (СПТУ) тігінші мамандығы бойынша оқуға түседі. Үш жылдық оқу барысында қолөнердің қыр-сырын меңгеріп, еңбекке бейімделеді. Оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл еңбек етіп, кейін білімін одан әрі жетілдіруге бел буады. Осылайша, еңбек пен білімді қатар алып жүруді өмірлік ұстанымына айналдырады. Өздігінен ізденуге де ерекше мән берген ол ауыл кітапханасынан түрлі әдебиеттер алып оқуды әдетке айналдырады. Кітап оқу арқылы дүниетанымын кеңейтіп, білімін толықтырады. Бұл кезең оның шығармашылық қабілетінің қалыптасуына да өзіндік ықпалын тигізеді. Өнерге деген ынтасы мен кәсіби маман болуға деген талпынысы оны жоғары білім алуға жетелейді. Кейін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық университетінде «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша білімін жалғастырады. Кәсіби суретшілік жолының қалыптасуына ұстазы Исмаилов Есет Ахатұлының ықпалы ерекше болды. Өнердің қыр-сырын үйретіп, шығармашылық бағыт-бағдар берген ұстазының еңбегін Нұргүл әрдайым құрметпен еске алады. Нұргүлдің шығармашылық жолы бірден байқаулар мен жарыстардан басталған жоқ. Ол үшін алғашқы кезеңде ең маңыздысы – білімін жетілдіру, сурет салу шеберлігін шыңдау және таңдаған өнерінің қыр-сырын терең меңгеру еді. Сондықтан мектеп қабырғасында да, білім алу кезеңінде де түрлі байқауларға қатысуды басты мақсат етпей, кәсіби тұрғыдан қалыптасуға басымдық берді. Еңбек жолын 1999 жылы өзі білім алған М. Жұмабаев атындағы қазақ орта мектебінде суретші-көркемдеуші қызметінен бастайды. Ал 2000–2005 жылдары осы білім ордасында бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, ұстаздық тәжірибесін қалыптастырады. Бұл кезеңде ол негізгі қызметімен қатар білімін сырттай жетілдіруді де жалғастырып, ізденісін тоқтатпайды.  2005 жылы Нұргүл Құрманова Ақтөбе қаласындағы Көркемсурет лицейіне қазақ бөлімі бойынша қосымша білім беру бағытындағы шығармашылық пәндер мұғалімі болып жұмысқа қабылданады. Осылайша, оның бала кезден басталған сурет өнеріне деген сүйіспеншілігі кәсіби қызметпен ұштасып, шығармашылық және ұстаздық жолының жаңа кезеңіне ұласады.Қалалық көркемсурет лицейіндегі қызметі барысында ол өзінің кәсіби тәжірибесін байытып қана қоймай, шығармашылық ізденісін де жалғастырады. Республикалық, облыстық және қалалық деңгейде ұйымдастырылған түрлі мәдени-әдістемелік іс-шараларға белсене қатысып, тәжірибесін әріптестерімен бөліседі. Соныменқатар республикалық деңгейде мұғалімдерге дәріс оқып, шеберлік сабақтарын өткізеді.Шығармашылық қабілеті мен кәсіби шеберлігінің тағы бір көрінісі – қала мұғалімдері арасында 8 наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған сурет байқауында бірінші орын иеленуі. Бұл жетістігі үшін ақшалай сыйлықпен марапатталған.Осылайша, Нұргүл Құрманованың өмір жолы – бала күнгі өнерге деген құштарлықтан басталып, кәсіби біліммен, тынымсыз еңбекпен және шығармашылық ізденіспен толысқан тағылымды жол. Оның өмірбаянындағы әр кезең өнерге адалдықтың, білімге құштарлықтың және ұстаздық жауапкершіліктің жарқын көрінісіндей. Содан бері осы білім ордасында табан аудармай еңбек етіп келеді. Бүгінде ұстаздық қызметте жүргеніне 21 жылға жуық уақыт болған. Осы жылдар ішінде талай шәкірттің шығармашылық қабілетін ашуға, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға өз үлесін қосып келеді. Ұстаздықпен қатар, өзі де шығармашылық ізденістен қол үзген емес. Көркемсурет лицейінде еңбек ете жүріп, республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі байқауларға, жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысып келеді. Әрбір көрме мен шығармашылық басқосу оның тәжірибесін толықтырып, өнерге деген көзқарасын кеңейте түсті. 2005 жылдан бастап көркемсурет өнерінің сан түрлі бағытын байқап, өзін әр салада сынап көрді. Киіз басу, кескіндеме, графика, мүсін, бисермен тоқу, ши тоқу, киім тігу – оның шығармашылық ізденісінің әр кезеңінде орын алған өнер түрлері. Әрқайсысын меңгеруге ден қойып, қолөнердің өзіндік ерекшеліктерін үйренуге талпынды.

Қазіргі таңда Нұргүл бисерден түрлі әшекей бұйымдар жасаумен және акрил бояуларын пайдаланып, әртүрлі жанрда көркем туындылар салумен айналысады. Бір қарағанда бір-бірінен бөлек көрінетін бұл бағыттардың барлығы оның өнерге деген қызығушылығының кеңдігін танытады. Ол үшін әрбір жаңа жұмыс – тың идеяны жүзеге асыруға, өз мүмкіндігін тағы бір қырынан тануға берілген мүмкіндік. 2005 жылы отбасын құрып, өмірінің жаңа кезеңіне қадам басқан Нұргүл бүгінде бір қыз бен екі ұлдың анасы. Ұстаздық қызметі мен шығармашылық жұмысын отбасылық өмірмен қатар алып келеді. Нұргүл Құрманованың өмір жолына көз жүгірткенде, оның өнерге келуі бір күндік қызығушылықтың нәтижесі емес екенін аңғаруға болады. Бала күнінде ағасынан үйренген алғашқы сурет салу машығы, ұстазының берген тәлімі, жоғары оқу орнында алған білімі мен жылдар бойғы еңбегі оны бүгінгі шығармашылық жолына алып келді. Ол өнерді тек өзіне ғана серік етіп қойған жоқ, оны шәкірттеріне үйретіп, кейінгі буынға жеткізуді де өмірлік міндетіне айналдырды. Өнердің сан саласын меңгеруге ұмтылған, ұстаздық пен шығармашылықты қатар алып келе жатқан Нұргүлдің бүгінгі жетістігі – жылдар бойғы табанды еңбегі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің жемісі.

 «Ұстаздан шәкіртке – өнер аманаты»

Өнер жолында ізденіп, шығармашылықпен айналысу Нұргүлдің өзін-өзі қалыптастырып, шыңдалып, дамуына зор ықпал етті. Әсіресе ұстаздық қызмет пен отбасылық міндетті қатар алып жүру, адамнан үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Нұргүл Құрманова үшін осы жолда отбасының қолдауы айрықша орын алады. Ол тұрмыс пен өнерді қатар алып жүруіне әрдайым қолдау көрсетіп, шығармашылық ізденісіне түсіністікпен қарайтын отағасынаНұргүл Құрманова ерекше ризашылығын білдіреді.Жақындарының демеуі оған жаңа дүниелер жасауға, тың идеяларды жүзеге асыруға жігер береді. Жылдар бойғы шығармашылық еңбектің тағы бір жемісі – кәсіби ортадағы мойындалуы. 2023 жылдың 25 қаңтарында Нұргүл Құрманова Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі атанып, тиісті куәлікке ие болды. Бұл – оның дизайн және сәндік-қолданбалы өнер саласындағы ізденістеріне берілген бағалардың бірі. Шығармашылық жолындағы маңызды оқиғалардың бірі – Облыстық өнер музейінде ұйымдастырылған «Ұстаздан шәкіртке – өнер аманаты» атты ерекше шығармашылық воркшоп-көрмесі. Аталған шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Шабыт» жобасы аясында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған іс-шаралар шеңберінде ұйымдастырылды.Көрменің басты мақсаты – ұстаз бен шәкірт арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, өнердегі сабақтастықты көрсету және жас буынның бойындағы қабілетті қолдау. Шараға Облыстық өнер музейінің ұжымы, Көркемсурет лицейінің ұстаздары, оқушылары, ата-аналар және өнерге қызығушылық танытқан өзге де қонақтар қатысты.Кездесудің мазмұнын арттыра түскен ерекше сәттердің бірі – Нұргүлдің бұрынғы шәкірттерінен келген бейнеқұттықтаулар болды. Қазіргі таңда Испанияда білім алып жатқан 2024 жылғы түлегі Өмірзақ Мәдина, оның алғашқы шәкірттерінің бірі Жұмахметов Дәурен және лицейдің 2020 жылғы түлегі Ақынғалиқызы Ақалтын жүрекжарды тілектерін жолдады. Алыста жүрсе де ұстазын ұмытпай, осындай игі шараға үн қосуы – ұстаз еңбегінің бағаланғаны, шәкірт пен тәлімгер арасындағы сыйластықтың сақталғаны.

Көрме экспозициясынан Нұргүл Құрманованың акрил бояуымен салған картиналары мен киізден жасалған панно жұмыстарын көруге мүмкіндік туды. Сонымен қатар оның үздік оқушыларының шығармашылық туындылары да көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме ұстаздың жеке шығармашылығын ғана емес, шәкірттерімен бірге жүріп өткен өнер жолын да танытты. Воркшоптың тағы бір қызықты бөлігі бисермен жасалған әшекей бұйымдарға арналды. Көрермендерге қолөнер туындылары таныстырылып қана қоймай, бисерден өрнекті брошь жасау бойынша шеберлік сағаты өткізілді. Қатысушылар әсем бұйым жасаудың қыр-сырын көріп, қолөнердің ұқыптылық пен төзімділікті қажет ететін ерекше әлеміне жақындай түсті. Сондай-ақ күнделікті киюге арналған дайын сән үлгілерінен тұратын prêt-a-porter топтамасы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл сән көрсетілімі көрменің мазмұнын байытып, бейнелеу өнері, қолөнер және сән дизайнының өзара сабақтастығын айқын көрсетті.

«Ұстаздан шәкіртке – өнер аманаты» атты шығармашылық кездесу жай ғана көрме емес, ұстаз бен шәкіртті ортақ өнер төңірегіне топтастырған тағылымды басқосу болды. Мұнда әрбір туындының өз тарихы, әрбір қолөнер бұйымының өз өрнегі, әрбір шәкірт еңбегінің артында ұстаздың берген тәлімі мен бағыт-бағдары бар. Өнердің ең үлкен құндылығы – оның ұрпақтан ұрпаққа жалғасуында. Ұстаздың қолынан шыққан өнер шәкіртінің жүрегіне жол тауып, оның шығармашылығында жаңа сипатта жалғасын тапса, еңбектің ақталғаны. Нұргүл Құрманова үшін де ұстаздықтың мәні осында. Өз өнерін дамыта отырып, оны шәкірттеріне үйрету, шығармашылыққа баулу және өнер аманатын кейінгі буынға жеткізу – оның өмірлік ұстанымдарының бірі.

 Осылайша, Жабасақ ауылынан қанат қаққан Нұргүл Құрманованың өмір жолы – туған жерден алған тәлімі мен өнерге деген сүйіспеншіліктің, тынымсыз ізденіс пен табанды еңбектің көрінісі. Ол бейнелеу өнері мен дәстүрлі қолөнерді ұштастыра отырып, шығармашылықтағы өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келеді. Ұстаздық қызметі арқылы жас ұрпақтың бойындағы өнерге деген қызығушылықты оятып, өз тәжірбиесі мен шеберлігін шәкірттеріне үйретуде. Өнердің өміршеңдігі – оның ұрпақтан ұрпаққа жалғасуында. Ұстаз қолынан бастау алған өнер шәкірт жүрегінен орын тауып, жаңа туындылар жалғасын тапса, бұл – еңбектің ақталғаны. Нұргүл Құрманованың шығармашылық жолынан да осындай сабақтастықты аңғаруға болады.

 

Асқар Рахымжанұлы

Тарихшы, өлкетанушы

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button