Қазақстанда Балқаш және Мойынқұм АЭС-тері салынады: Тоқаев энергетикадағы «бизнесті» сынға алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі электр энергиясы тапшылығын жою және атом энергетикасын дамыту жөніндегі нақты жоспарларды жариялаған болатын, деп хабарлайды Tiek.kz.
Қыста қымбатқа алып, жазда арзанға қайтару: Саладағы кемшіліктер
Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстан 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді. Алайда индустрияны, құрылыс пен агроөнеркәсіпті дамыту, экономиканы жаппай цифрландыру және деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) салу жоспарлары үшін бұл көлем мүлдем жеткіліксіз.
Мемлекет басшысы салада кәсіби энергетиктердің тапшы екенін, есесіне түрлі форумдар мен пікірталастардың жиі өтетінін сынға алды. Сондай-ақ ондаған жылдар бойы қалыптасқан тиімсіз тәжірибені әшкереледі:
«Жыл сайын қазақстандық энергетика айтарлықтай тапшылыққа тап болады. Сондықтан қысқы кезеңде, ең жоғары жүктеме кезінде көрші елдерден электр энергиясы жоғары бағамен сатып алынады, ал жазда тауар күрт төмендетілген бағамен кері қайтарылады. Осындай қарапайым ғана «бизнес» ондаған жылдар бойы жалғасып келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент кезінде Балқаш ЖЭО құрылысының тоқтап қалғанын, ал қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұзда жаңа қуат көздерін іске қосу мерзімі кешігіп жатқанын еске салды.
2029 жылға қарай энергопрофицитке қол жеткізу міндеті
Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай елде тұрақты энергопрофицитке (энергияның артығымен өндірілуіне) қол жеткізуді стратегиялық міндет етіп қойды. Ол үшін мынадай шаралар қолға алынады:
-
Жаңа электр станциялары мен электр беру желілерін салу және қолданыстағыларын жаңғырту;
-
«Таза» көмір генерациясын толық көлемде дамыту;
-
Жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен күн электр станцияларына ерекше назар аудару;
-
Үкіметке елдің 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық балансын өзектендіру.
Балқаш пен Мойынқұм АЭС-тері және стратегиялық уран қоры
Жолдауда атом генерациясына айрықша мән берілді. Жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша елімізде бірден бірнеше атом электр станциясын (АЭС) салу туралы шешім қабылданған болатын. Осыған орай Президент нақты қадамдарды айқындап берді:
-
Балқаш АЭС-і: Келесі жылы станцияның құрылысын бастау көзделіп отыр.
-
Мойынқұм АЭС-і: Станция құрылысын тезірек бастау мақсатында кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланған.
-
Стратегиялық уран қоры: Отандық АЭС-тердің алдағы жүзжылдықтағы шикізат қажеттілігін толық жабу үшін мемлекеттік стратегиялық уран резервін құру ұсынылды.
Мемлекет басшысы АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серіктестерді (Ресей мен Қытай компанияларынан тиісті ұсыныстар түскен) Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістер ашуға, ядролық энергетика саласындағы құзыреттерді беруге және отандық атомшы мамандарды даярлауға тарту қажеттігін атап өтті. Бұл ретте барлық келіссөздер Қазақстанның ұлттық мүдделерін қатаң ескере отырып жүргізілуі тиіс.



