Президент Жолдауы — Қазақстанды озық елге айналдыруды көздейтін стратегиялық құжат.

Бүгінгі таңда Қазақстан жаһандық өзгерістер мен жаңа геосаяси сын-қатерлер жағдайында дамудың маңызды белесіне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы – еліміздің экономикалық-әлеуметтік бағытын айқындап қана қоймай, әділетті, қуатты, әрі озық Қазақстанды құру жолындағы нақты қадамдарды бекіткен стратегиялық құжат.
Осы стратегиялық міндеттерді іске асыруда Үкімет пен бизнес өкілдерінің бірлескен жұмысы айрықша маңызға ие. Мемлекет басшысы атап өткендей, кәсіпкерлермен ашық диалог құрып, жыл соңына дейін нақты ұсыныстар әзірлеу – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі.
Сирек металдар және жаһандық өндіріс тізбегі
Сарапшылар мен мамандардың пікірінше, қазіргі жағдайда ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Мұның түпкі мақсаты – Қазақстанды жаһандық өндіріс тізбегіне толыққанды қосу және экспорттық саясатты осы мақсатқа сай жүргізу. Осы бағытта саласы дамыған мемлекеттермен стратегиялық серіктестік орнату – уақыт талабы.
Нарық сұранысы және жергілікті бизнесті қолдау
Жаңа жобаларды іске асыру мен инвестор тарту кезінде әр өңірдің және әр саланың ерекшелігін мұқият зерделеу қажет. Жаңадан ашылатын кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі тиіс.
Жолдауда келтірілген мысал үйлесімсіз жоспарлаудың салдарын айқын көрсетеді: елімізде Qarmet сынды ірі металлургиялық кәсіпорын бар екеніне қарамастан, тағы үш облыста дәл сондай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Нарықтың бұл өнімге нақты сұранысы бағаланбайтындықтан, мұндай үйлесімсіз шешімдердің экономикалық тиімділігі күмән тудырады.
Өңірлік басымдықтар және біртұтас экожүйе
Экономиканың өз әлеуетін жоғалтпауы үшін мемлекеттік органдар арасындағы мекемеаралық байланысты нығайтып, Үкіметтің үйлестіру рөлін күшейту қажет. Сонымен қатар әрбір аймақ өз басымдықтарын айқындап, бір ғана салаға немесе жекелеген кәсіпорынға тәуелді болып қалмауы керек.
Негізгі саланы дамытумен қатар, оның айналасында және ішінде толыққанды біртұтас жүйе қалыптастыру маңызды. Ол жүйе мына бағыттарды қамтиды:
— Білім беру және қолданбалы ғылым – өңірлік кадр және инновациялық сұранысты қамтамасыз ету;
— Логистика және қызмет көрсету салалары – өндіріс пен нарық арасындағы үздіксіз байланысты қолдау;
— Сабақтас өндірістер және технологиялық кәсіпкерлік – қосылған құны жоғары өнім өндіруге және жаңа жобалардың дамуына жағдай жасау.
Сайып келгенде, нарық сұранысына сүйенген шешімдер, мекемеаралық үйлесім және өңірлік экожүйені кешенді дамыту – Озық Қазақстанды құру жолындағы экономикалық өсімнің берік негізі болмақ.



