Экономика
Тренд

Ғылымға бөлінген 51 млрд теңге негізсіз жұмсалған

Ғылым саласына бөлінген қаржының жұмсалуынан 51 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында мәлімдеді.

Аудит барысында тағы 47 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланып, пайдаланылғанын көрсетті. Сондай-ақ 176 жоба бойынша 16 млрд теңгеге түпкілікті нәтиже алынбаған. 2025 жылғы мониторинг 2 мыңнан астам жобаны қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылық анықтаған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер тиісті шара қабылдамаған.

Смайыловтың айтуынша, ғылыми жобалардың нәтижесі көбіне жарияланымдар мен патенттер арқылы бағаланады. Бірақ олардың өндірісте қолданылуы жүйелі түрде бақыланбайды. Мәселен, тексерілген 60 патенттің ешқайсысы бойынша пайдалану келісімі жасалмаған.

Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру көрсеткіші де төмен. Ресми есепте 44% болғанымен, бірыңғай әдістемемен есептегенде бұл көрсеткіш 16%-ды құраған.

Аяқталған 141 жобаның тек 38-і (27%) соңғы үш жылда өнімін тұрақты сатқан. Қалған 103 жобаға бөлінген 22 млрд теңге күткен нәтижесін бермеген.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button