
Балқаш қаласында кәмелетке толмаған екі апалы-сіңліге қатысты заңсыз әрекеттер жасады деген күдікпен алты адам ұсталды.
Полицияға жасөспірімдердің әкесі арыз түсірген. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің өкілі Бақытжан Құдияровтың мәліметінше, 16 қарашада Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған қыздарына қатысты заңсыз әрекеттер болғанын айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері алты күдіктінің жеке басын анықтап, оларды ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады. Оқиғалар әртүрлі уақытта және әртүрлі жерде болған. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – делінген ведомство хабарламасында.
Тергеу мүддесіне байланысты ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбады.
Жәбірленушілердің жасы 13 және 15-ге ғана. Қыздардың әкесінің сөзінше, оқиға маусым айында басталған. Сол кезде қыздары көшеде өздерінен үлкен қызбен танысқан. Ол жасөспірімдерді дәмханаға шақырып, сыйлықтар беріп, кейін өзінің таныстарымен араластырған.
2026 жылдың жазында жасөспірімдерге күш көрсетіліп, ішімдіктеріне түрлі препараттар қосылған. Кейін оларды жалдамалы пәтерлерге апарып, жыныстық сипаттағы қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Сондай-ақ жақындарына ештеңе айтпау үшін интимдік фото және видеоларын таратамыз деп қорқытқан.
Әкесінің айтуынша, кездесулердің бірінен кейін қыздарды үйіне жеткізіп салуды ұсынған ер адамдар жолда оларға зорлық көрсетіп, болған жағдайды видеоға түсірген. Кейін сол жазбаларды тарату арқылы қорқытып, өзге ер адамдармен кездесуге мәжбүрлеген.



