Ауылдан хат
Тренд

«Ұнамаса, жұмыстан кетіңдер!»: Арқалық қалалық жедел жәрдем қызметкерлері тәуліктік, іссапар төлемдері төленбейтінін айтып шағымданды

Tiek.kz ақпарат порталының редакциясына Арқалық қалалық жедел жәрдем қызметкерлері хабарласып еді.

Олар Жангелдин ауданы, Амангелді аудандарына барған іссапарларына тәуліктік төлем, іссапар төлемдері төленбейді дейді. Айтуларынша, қызметкерлер 140-270 шақырым жерге (басқа аудандарға) жол жүруге мәжбүр.  Ал ол үшін қосымша ақы төленбейді. Ең сорақысы, шағымданғандарына басшылық тарапы «ұнамаса, жұмыстан кетіңдер!» деуге дейін барған.

Осы жағдайға байланысты Қостанай облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы мекемесіне сауал жолдаған еді.

Алайда, аталмыш мекеме жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты мұндай ақпаратты жоққа шығарған.

Айтуынша, қызметкерлер өз деңгейінде қосымша ақы алып отыр. Қызметкерлер Қостанай облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы» КМК-ға негізгі жұмыс орны бойынша еңбек шарттарының негізінде жұмысқа қабылданған.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес, үстеме жұмыс сағаттарына ақы кемінде бір жарым есе мөлшерде жоғарылатылған мөлшерде төленеді. Кәсіпорында нақты жұмыс істелген уақыт, оның ішінде үстеме жұмыс, түнгі уақыттағы жұмыс, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс уақыты есепке алынады. Яғни, еңбекақы төлеу еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылып отыр.

Сондай-ақ, қызметкерлерге қатысты «ұнамаса жұмыстан кетіңдер!» деген  сипаттағы пікірлерге жол берілмейтінін әрі бұл қызметтік әдеп қағидаттарына сәйкес келмейтінін айтады.  Осыған байланысты қазіргі уақытта Арқалық қосалқы станциясы қызметкерлерінің өтінішіне байланысты әкімшілік баяндалған мән-жайларды жан-жақты және объективті анықтау мақсатында қызметтік тергеп-тексеру жүргізілмек.

«Айта кету қажет, жедел медициналық жәрдем қызметінің қызметкерлері, оның ішінде жүргізушілер қауіпсіз көлік жүргізу техникасы және жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу бойынша тұрақты түрде оқудан өтеді. Жүргізушілер шығу бригадаларының құрамына парамедиктер ретінде кіреді және олардың кәсіби даярлығына қомақты ресурстар жұмсалады.

Сонымен қатар, қызметкерлерге қатысты мұндай сипаттағы пікірлерге жол берілмейді және олар «Қостанай облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы» КМК-ның қызметтік әдеп қағидаттарына сәйкес келмейді», — делінген жауапта.

Сонымен қатар мекеме қызметкерлердің жұмысына қатысты артық жүктеме барын мойындаған.

Арқалық қосалқы станциясының фельдшерлік бригадаларының Жангелдин және Амангелді аудандарына шығуы пациенттерді Арқалық қаласына тасымалдау үшін санитариялық авиация желісі бойынша жүзеге асырылады.

Қосалқы станцияда қаладағы шақыртуларға қызмет көрсететін және қосымша аталған аудандардан пациенттерді тасымалдауға тартылатын төрт фельдшерлік бригада жасақталған. Мұндай қажеттілік әр ауданда жергілікті халықты медициналық көмексіз қалдыра алмайтындықтан, тек бір ғана фельдшерлік бригаданың жұмыс істеуіне байланысты туындап отыр.

3.   Қостанай облысында жергілікті атқарушы органдар мен Денсаулық сақтау басқармасының медициналық кадрларды тарту және бекіту бойынша жүйелі жұмысының, оның ішінде көтерме жәрдемақылар төлеу және әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну арқылы жүргізілуінің нәтижесінде медицина мамандарына деген қажеттілік жылдан жылға төмендеп келеді.

2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өңірдегі медициналық кадрлардың жалпы тапшылығы 271 маманды құрайды, оның ішінде 107 дәрігер және 164 орта медицина персоналының маманы.

Дәрігерлік кадрларға ең жоғары қажеттілік мынадай мамандықтар бойынша байқалады:

·       акушерлік және гинекология (ересектер және балалар) – 11 маман;

·       жалпы хирургия – 9;

·       эпидемиология – 6;

·       терапия – 5;

·       офтальмология (ересектер және балалар) – 5;

·       жалпы медицина – 5;

·       фтизиатрия (ересектер және балалар) – 4.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button