«Қызылшадан күллі сыныптың баласы қырылып, жалғыз өзім қалдым»: 90 жастағы қарияның естелігі
Қызылшаның емі де, екпесі де жоқ еді. Ол түгілі температура басатын дәрі де, медпункт те жоқ болатын.

Бүгін — қарттар күні. Қарттар күні қарсаңында тілшіміз ел мен жердің тарихын жадында сақтап, өнегелі ғұмыр кешіп жатқан 90 жастағы қария Қаби Іңірбаевпен тілдесіп қайтқан еді.
Қаби ақсақал – Қостанай облысы Жаңгелдин ауданы Қызбел ауылының тумасы. Саналы ғұмырын медицина саласында арнаған тұлға.
Қаби ақсақал 1936 жылы дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыс және соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тура келді.
Қаби ақсақал сол кездері мектепке қатынаудың өзі бір мұң болғанын айтады. Қараталдан 7 шақырым жерден қатынап оқыған оқушылар таңертең шығып, сағат 10–12 шамасында зорға жететін. Жарық жоқ, пешке қамыс жағып жылытатын мектепте білім алудың шарттары өте қатал еді. Қаламсап орнына сиясауыт ұстап, сөмке орнына боқшабай арқалаған балалар жолда сиясы төгіліп киімі көк ала болып баратын кездері әлі де есінде.
«1947 жылы ауылда қызылша деген ауру шығып, сыныптағы балалардың бәрі қырылып қалды. Үшінші сыныпта оқитын едім. Мен және тағы бір бала ғана аман қалдық. Қызылшаның емі де, екпесі де жоқ еді. Ол түгілі температура басатын дәрі де, медпункт те жоқ болатын.
Сондай ауыр заман еді», – деп еске алады қария. Әкесі соғысқа кетіп, бала Қаби еңбекке ерте араласады.
«Қиын замандар өтті ғой, әйтеуір аш емеспіз, нан бар. Дүкенге арасында қағазға оралған кәмпит келеді, соны сатып алып жейміз. Шай жетпейтін, шырпының қорабына салып, өлшеп сататын. Соны үнемдеп ішеміз. Әкеміз соғысқа кеткен. Шешеміз қой сауады, жаздыкүні қой қосақтаймыз, одан басқа жұмыс жоқ еді», — де еске алады қария.
Алматыдағы жоғары оқу орнына түсе алмаған соң, бір жылдық СПТУ-ды бітіріп, тракторист мамандығын меңгереді. Дегенмен, тағдыр оны медицина жолына бұрды.
1958 жылы Қостанай медициналық училищесінің фельдшерлік факультетін тәмамдап, туған ауылына оралады.
1960 жылдан бастап Қызбел ауылындағы медпунктте, кейіннен ашылған ауруханада фельдшер болып еңбек етеді.
Дәрігер жетіспегендіктен, фельдшер бола тұра акушерлік міндеттерді атқарып, жеңіл-желпі хирургиялық операциялар да жасауға тура келген.
«Дәрігер жоқ қой, акушер де болдық. Анда-санда жеңіл-желпі хирургиялық операциялар да жасадық. Көбінесе терапия және балалар ауруларымен айналыстық, балалар көп болатын. Аурудың алдын алу үшін қызылшаға, АКДС-ке және басқа да инфекцияларға қарсы екпелер жасадық. Науқастарға баратын көлік болмады. Анализ жасайтын жағдай жоқ, жалғыз медпункт. Жағдай өте қиын еді. Науқасты жалғыз өзің емдей алмайсың. Жарық болмағандықтан, кешке ауылда трактордың жарығын қойып емдеген кездеріміз де болды. Телефон байланысы жоқтың қасы, жол да дұрыс емес, асфальт жоқ еді», — дейді қария.
Қаби ақсақал 1993 жылы құрметті демалысқа (зейнетке) шықты.
Саналы ғұмырын халық денсаулығына арнаған ардагер бүгінгі бейбіт күн мен заманның жақсарғанына шексіз риза.
«Келешекте заман жақсара берсін. Біздің көргенімізді құдай ешкімге көрсетпесін. Қазір шүкір, жағдай жақсы: телефон да, жарық та, жүріп тұрған көлік те бар… Балалар оқып, біз көрген қиыншылықты көрмей, бақытты өмір сүрсін деп тілеймін. Алланың бергеніне шүкір деймін, балалар аман болсын!» – дейді ақсақал ақ батасын беріп.



