Ауылдан хат
Тренд

Ай сайын МӘМС жарнасын төлейтін, бірақ дәрігері жоқ ауыл тұрғындарының мәселесін қалай шешуге болады?

Ай сайын міндетті түрде МӘМС жарнасын төлейсіз, алайда ауылдық жерде дәрігер маман жоқ. Өз қаражатыңызбен қалаға барып емделу үшін eGov арқылы тіркелмек боласыз, бірақ жүйе «мекенжайыңыз сәйкес келмейді» деп автоматты түрде бас тартады. Ал елордалық емханалар мен денсаулық орталықтары «тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркеліп, жолдамамен келіңіз» деп кері қайтарады. Дәрігері жоқ ауылдардың тұрғындары қайтпек?

tiek.kz редакциясына осындай мәселемен Дастан Томанбаев есімді Ақмола облысының тұрғыны хабарласты.

Айтуынша, өзі тұратын Жақсы ауданынан қажетті тар бейінді маман таппаған соң eGov арқылы Астана емханасына тіркелмек болғанда жүйе автоматты түрде бас тартқан. Ал елордалық денсаулық орталығы оған «тұрғылықты жеріңіз бойынша емханаға тіркеліп, жолдамамен келіңіз» деген ресми жауап жолдаған. Сондай-ақ ол мұндай мәселенің өңірдегі мыңдаған тұрғынның басында бар жағдай екенін айтады.

Дастанға невролог, эндокринолог және ЛОР маманның көмегі қажет болға. Алайда Жақсы селосындағы аудандық ауруханада мұндай мамандар мүлде жоқ. Медициналық ұйымды еркін таңдау құқығына сүйеніп, Астана қаласындағы емханаларға жүгінген. eGov порталы тіркеуі басқа өңірде болғандықтан, өтінімді автоматты түрде бұғаттаған. Сосын амалсыз e-Otinish арқылы шағымданбақ болған. Алайда мамандар пациентті қайтадан сол мамандары жоқ ауылдық амбулаторияға — учаскелік дәрігерге жүгінуге міндеттеген.

«eGov жүйесінен өтпей қалған соң, 7 тамызда мәселені басқаша шешуге тырысып, Астана қаласындағы «Жастар денсаулық орталығының» электрондық поштасына ресми үндеу жаздым. Мәселелерімді егжей-тегжейлі жаздым: терморегуляцияның бұзылуы, қатты гипергидроз, тыныс алу, концентрация және тістесу (прикус) проблемалары. Ол үшін маған невролог, эндокринолог және ЛОР қажет деп.

Электрондық хатқа берілген жауапта ауылдан хабарласу үшін төрт қалалық телефон нөмірін жібере салды. Ақыры хабарласып шыққан кезде, маған өте дөрекі және менсінбей «біз бұған қатысы жоқпыз» деген түрде сөйледі. Менің денсаулығыма қатысты шынайы шағымдарымды тыңдаған да жоқ — менің диагноздарым оларды мүлде қызықтырған жоқ. Яғни, елордалық орталық мені қайтадан осы бейінді дәрігерлері мүлде жоқ Жақсы ауылына барып емделуге жібереді!», — дейді Дастан Томанбаев.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Айдана Желыбаева мұндай тығырықтан шығудың жолы екенін айтады.

— eGov неге бұғаттайды?
Ауыл тұрғыны қала емханасына тікелей тіркеле алмайды. Өйткені емхананы еркін таңдау құқығы тек бір әкімшілік-аумақтық бірлік ішінде (мысалы, тек бір облыста) ғана жарамды. Астана мен өзге облыс – екі түрлі аумақ. Алайда, егер сіз қалаға көшіп келсеңіз, оқысаңыз немесе жұмыс істесеңіз, растайтын құжатпен қалалық емханаға тіркелуге толық құқығыңыз бар.

— Ал ауылда маман жоқ болса не істеуге болады?

МӘМС ынтымақты жүйе болғандықтан, ақша жеке шотта сақталмайды. Бірақ ауылда дәрігер жоқ екен деп сіз көмексіз қалдырмайды.

1. Алдымен өз ауылыңыздағы жалпы практика дәрігеріне барасыз.
2. Дәрігер сізге маман бар облыстық, қалалық немесе жекеменшік клиникаға (МӘМС қорымен келісімшарты бар) жолдама жазып береді.
3. Ең бастысы – пациент маманды өзі іздеуге міндетті емес, сізді қайда жіберу керектігін емхананың өзі ұйымдастыруы тиіс.

«Медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарына тіркелу тәртібі Қазақстан Республикасының 194-ші Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 194-ші бұйрығына сай жүргізіледі. Бұйрықта аталғандай еркін емханаға еркін тіркелу тәртібі бар және ол сақталған.

Ақмола және Астана екеуі екі түрлі әкімшілік аумақтық территория. Яғни науқас дейміз немесе азамат дейміз Астана қаласына уақытша тұрғылықты уақытша тұруға келетін болса, жұмыс бабымен ауысқан болатын болса немесе оқу жұмыстары бойынша жаңағы осы қалаға ауысқан жағдай болатын болса, онда ол еркін таңдау бойынша Астана қаласының медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымына тіркеле алады.

Тұрғылықты мекен жайында тәжірибелі маман болмаған жағдайда ол да жаңағы бұйрықпен қарастырылған Қазақстан Республикасының 37-ші бұйрығына сай міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша жүзеге асырылады. Яғни өзінің тұрғылықты жерінде болмаған маман болса, сол жердің өзінің тіркелген ұйымының дәрігеріне қаралады.

Дәрігердің маршрутизациясы бойынша қай қай емхана да керек тәжірибелі маман болса, соған қарай бағыт жолдама беріледі. Қандай емхана болсын, жеке клиника болсын, егер олар қормен жаңағы айттық қой, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қорымен шарт жасасқан болса, сол шартқа сай жаңағы жолдамаларды беріледі.

Сол арқылы азамат консультация ала алады. Жолдаманың уақыты негізі бір ай. Жолдаманың уақыты бір ай. Бір ай шектеулі уақытта ол сол жолдама арқылы келесі емханаға барып ары қарай консультация алуға тиіс», — дейді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Айдана Желыбаева.

Осыған байланысты редакция атынан Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолданған еді.

Мынау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндірмесі.

Егер eGov жүйесі ауыл тұрғындарының қалалық емханаға тіркелі өтінімін «аймаққа кірмейді» деп автоматты түрде бұғаттаса, министрлік жариялаған «емхананы еркін таңдау» құқығы іс жүзінде қалай іске асуы тиіс?

Жеке тұлғаларды медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) ұйымдарына бекіту тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-194/2020 бұйрығымен бекітілген Қағидалармен реттеледі.

Аталған Қағидаларға сәйкес, медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы аумақтық қолжетімділік қағидаты ескеріле отырып, бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде іске асырылады.
Бұл ретте, Ақмола облысының тұрғыны мен Астана қаласының емханасы әртүрлі әкімшілік-аумақтық бірліктерге жатады. Сондықтан Астана қаласының емханасына тіркелу туралы өтінімнің «қызмет көрсету аумағына кірмейді» деген негізбен қабылданбауы қолданыстағы тәртіпке сәйкес келеді және медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын шектеу болып табылмайды, өйткені көрсетілген аумақтар әртүрлі әкімшілік-аумақтық бірліктерге жатады.

Егер азамат Астана қаласына тұрақты немесе уақытша тұруға, жұмыс істеуге немесе оқуға келсе, осы жағдайды растайтын құжаттарды ұсыну арқылы қаладағы МСАК ұйымына белгіленген тәртіппен тіркеле алады. eGov порталында техникалық ақау туындаған жағдайда, оның ішінде «502» қатесі шықса, азаматтар техникалық қолдау қызметіне немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгіне алады.

Ауылда тұратын, бірақ ауруханасында тар бейінді мамандар жоқ азаматтар МӘМС үшін неліктен жарна төлеу керек? Олардың төлеген қаражатына балама медициналық көмек (жекеменшік клиникалар немесе қалаға жолдамамен) қалай қамтамасыз етіледі?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі — МӘМС) жүйесіндегі сақтандырылған мәртебе азаматқа медициналық көмекті алу мүмкіндігін береді. Бұл ретте МӘМС жарналары жеке азаматтың шотында жинақталмайды, жүйе медициналық көмекті ынтымақты қаржыландыру қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Ауылдық жерде қажетті тар бейінді маман болмаған жағдайда азамат медициналық көмексіз қалмайды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 27 сәуірдегі № ҚР ДСМ-37 бұйрығына сәйкес, медициналық көрсетілімдер болған кезде жалпы практика дәрігері пациентті тиісті маман бар басқа медициналық ұйымға консультацияға немесе қажетті диагностикалық зерттеулерге жібереді.

Егер тиісті медициналық қызметті көрсететін жеке клиника МӘМС жүйесінде Қордың медициналық қызметтерді жеткізушісі болып табылса және қызмет Қордың сатып алу шартына енгізілсе, пациент қажетті көмекті жолдама бойынша МӘМС қаражаты есебінен ала алады.
Осылайша, ауылдық жерде белгілі бір маманның болмауы азаматтың МӘМС шеңберіндегі медициналық көмек алуына кедергі болмайды. Қажетті медициналық қызмет басқа тиісті медициналық ұйымға жолдау арқылы ұйымдастырылады.

Қалалық орталықтар ауыл тұрғындарын өздерінде жоқ мамамндарды іздеу үшін «тұрғылықты жері бойынша емханаға» қайтару тәжірибесін қалай тоқтатуға болады? Ауылдық ауруханада маман болмаған жағдайда, пациенттің тікелей облыстық немесе республикалық деңгейдегі маманға жазылу маршруты қандай?

Пациенттің қажетті бейінді маманға бару маршруты медициналық көрсетілімдерге сәйкес айқындалады.

Ауылдық жерде қажетті маман болмаған жағдайда пациент тіркелген МСАК ұйымының жалпы практика дәрігеріне жүгінеді. Дәрігер медициналық көрсетілімдерді бағалап, пациентті тиісті бейінді маман бар медициналық ұйымға консультацияға және қажет болған жағдайда диагностикалық зерттеулерге жолдайды.

Бұл ретте пациенттің өзі қажетті маманды іздеп, медициналық ұйымдарды аралауы талап етілмейді. Медициналық ұйым пациентке тиісті бағыт беріп, медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз етеді.

Егер қажетті маман аудандық деңгейде болмаса, пациент медициналық көрсетілімдерге сәйкес облыстық немесе қалалық деңгейдегі тиісті медициналық ұйымға жолдануы мүмкін.
Яғни ауылдық жерде белгілі бір бейінді маманның болмауы медициналық көмекті алу мүмкіндігін шектемейді. Пациентке қажетті көмек тиісті деңгейдегі медициналық ұйымға жолдау арқылы ұйымдастырылады.

Бұған қоса, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 12-бабына сәйкес халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мәселелері жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататынын атап өтеміз.

Сіз, Миниcтрліктің жауабымен қанағаттанбаған жағдайда, Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350 «Әкімшілік рәсімдік-процестік» Кодексінің (91-бабы, 3-тармақшасы) тәртібіне сәйкес, шағым беруге құқығыңыз бар екенің ескертеміз.

Медициналық көмекті
ұйымдастыру департаментінің
директоры

Г.Сәрсенбаева

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button