«4300 төлемейінше, қатыспасын»: Шымкентте оқушылардың тегін үйірмесі сатылып жатқаны рас па?

Шымкентте оқушылар үшін тегін болуы тиіс үйірме сатылып жатыр. Себебі, балалар көркем сурет мектебінің директоры әр оқушы 4300 теңге көлемінде ақы төлемейінше, қатыспасын деген шешім шығарған, деп хабарлады КТК арнасы.
Одан қалса, қаланың үш түрлі жерінде орналасқан филиалдарын жауып, Шымкенттің бір бұрышына көшіріпті. Ескі ғимараттың бірнеше бөлмесін кабинет еткен ұстаздар оны өз қаржысына жөндеп жатыр екен.
Шымкентте көркем сурет үйірмесінде дәріс беретіндердің де, қатысатындардың мазасы кеткен. Себебі, директор қаланың әр тұсындағы филиалды жауып, №4 Оқушылар сарайынан орын беріпті. Онысы әбден ескірген бірнеше кабинет.
«Бұл ғимаратта біздің балдарға ешқандай жағдай жасалынбай тұр. Бір кабинетте су жоқ, біз көркемсурет болғандықтан, балалар үнемі сумен жұмыс істейді, қолын жуу керек, бояу араластыру керек дегендей. Жарық та нашар, өте қараңғы. Суретшілерге өте жарық, софиттер болуы керек. Тіпті терезеде перде де жоқ. Біз үйімізден әкеп іліп отырмыз, басқа нәрсені айтпағанда», — дейді «Балалар көркем сурет мектебі» мұғалімі Айжамал Қалмырзаева,
Ал қаланың түкпір-түкпірінде тұратын ата-аналар филиалдардың жабылғанына наразы. Өйткені баланы тасу қиындап кетті, дейді. Ал оқушыларды шаһардың басқа жағына жібере салу қауіпті деп отыр.
«Бұл жерге келетін маршрут өте ыңғайсыз, осы жаққа келу үшін екі рет автобусқа отырамыз. Бұл жаққа сабаққа келгенше, бала үйіне барып тамақ ішуге де ге үлгере алмайды», — дейді Умида Мақсұтова.
Сорақысы сол, осыған дейін тегін болған көркем сурет директор пәрменімен ақылы үйірмеге айналыпты. Әр баладан бір айлық есептік көрсеткіш, яғни 4325 теңге алынсын деген соң, шәкірт саны азайып кеткен. Мысалы, бұрынғы 200 оқушының орнына қазір 50-ге де жетпейтін шәкірт қатысып жүр. Ал мұғалімдерге бала санына қарай төленгендіктен, енді жалақысыз қалдық деп шырылдайды. Дегенмен шулаған ата-ана мен мұғалімдерге директор «бұл әкімдіктен келген тапсырма деп» шорт кесті. Яғни қызметкерлердің салығы мен басқа да қажетіне мемлекет қаржы аудармайды деген басшы, «өз қотырымызды өзіміз қасуымыз керек» деп түсіндірді.
«Біз мемлекеттік комуналдық қазынашылық кәсіпорыны болған соң, біздің салығымызға қаржы аударылмайды. Өзімізді өзіміз асырауымыз керек. Бірінші кезекте ақша табуымыз қажет», — дейді «Балалар көркем сурет мектебінің» директоры Виолетта Акчулакова,
Ал қаланың білім басқармасындағылар директордың филиалдарды жауып, бір жерге көшіргеніне де, тегін үйірме болмайды деген шешіміне де аң-таң.
«Шымкентте бір балаға — бір үйірме тегін» деген олар тексерісті бастаймыз деп отыр.
«Ваучерге қаржы төлеу бойынша, бір баланың 1 АЕК-тен төлеуі бойынша және ғимаратты, №4 Оқушылар сарайының үшінші қабатына орналастыру бойынша зерделеу жұмысы жүргізілетін болады. Егер сол жерде заңбұзушылық табылған жағдайда мектеп басшылығына қатысты тиісті шара қабылдаймыз», — дейді Шымкент білім басқармасының бөлім басшысы Олжас Лесбай.
Ал мұғалімдердің осы айдағы жалақысы қалай есептелінетінін басқарма да әзірге білмейді. Сондықтан бүгін-ертең ұстаздармен сөйлесеміз деп отыр. Әзірге әліптің артын бағудан басқа амал жоқ.



