«Қазақстан ақ қағаз емес!»: Шетелде оқитын қазақ қызы «Борат» туралы жаңсақ пікірді қалай тас-талқан етті?

Қазақстандық студент Томирис Түнғат Джорджтаун университетінің (Катардағы кампусы) бірінші курсында оқып жүріп, курстастарының «Борат» фильмі арқылы Қазақстан туралы қалыптасқан жаңсақ пікірін өзгерту үшін арнайы видеоролик түсірді, деп хабарлайды Tiek.kz.
Тарихи отанынан жырақта жүріп ел намысын қорғаған Томирис бізге берген сұхбатында шетелдіктердің еліміз туралы теріс пікірі оны қатты қынжылтқанын айтты.
«Боратты» көріп, Қазақстанды мазақ қылғандарға жауап
Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Томирис Джорджтаун университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ол шетелге шыққанға дейін «Борат» фильмінің осыншалықты танымал екенін білмегенін айтады.
«Мен шетелге шыққанда адамдардың «Боратты» бұншалықты қатты білетінін білмедім. Университетіміздің 70 пайызы халықаралық студенттерден құралған. Өзім туралы айтқанда көбісінен «Борат» туралы еститінмін. Бірде автобуста бара жатқанда бір курстасым «Боратты жақсы көремін, ол күлкілі» деді. Мен бірден «Жоқ, Қазақстан ондай емес» деп қарсы аргументтер айта бастадым», – деп еске алады Томирис.
Оның айтуынша, кейінірек тағы бір студент оған «Бораттағы» Қазақстанның жалған әнұранын айтып берген. Онда өте дөрекі сөздер қолданылып, елді қорлайтын мазмұн болған. Бұл жағдай намысына тиген қазақ қызы «Академиялық жазу» курсы бойынша берілген тапсырманы мүмкіндік ретінде пайдаланған. Профессор өз халқы туралы эссе жазуды немесе видео түсіруді тапсырғанда, Томирис көпшіліктің Қазақстан туралы пікірін өзгертетін арнайы видео дайындауға шешім қабылдайды.
«Сенің видеоң ең күштісі болды»
Студенттер өз жұмыстарын қорғаған күні 15 адамның ішінен тек Томирис қана видео форматын таңдаған.
«Барлығы біткеннен кейін студенттер маған келіп, «Сенің видеоң ең күштісі болды» деді. Профессорым да: «Сенің жасағаның – бүкіл Қазақстанның саған артқан үмітін ақтап келе жатқаныңды көрсетеді» деп баға берді», – дейді ол.
Тіпті, фильм түсірілген Румыниядан келген студент те Томиристі қолдап, бұл фильмді көрген сайын жиіркенетінін айтқан.
Бораттың актеріне айтар сөзі бар
Сұхбат барысында Томиристен жақында «Борат» рөлін сомдаған актердің кешірім сұрағаны туралы да сұралды. Алайда ол актердің әрекетін шынайы деп санамайды.
«Ол режиссер кешірім сұрап тұрып, бізге тағы да пародия жасап кетті. Өзінің жаңағы Бораттың акцентімен сөйлеп, Қазақстан туралы айта береді. Адамдар шынымен Қазақстанды сондай жер екен деп ойлап қалады. Егер мүмкіндік болса, мен ол кісіге айтар едім: Қазақстан – батыстың адамдары өз ойларын сыза салатын ақ қағаз емес. Біздің мыңдаған жылдық тарихымыз бар және әлемдік аренада өзімізді лайықты таныстыруға әбден хақымыз бар», – деп кесіп айтты болашақ дипломат.
«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін»
Сөз соңында шетелде оқып жатқан қазақ жастарына және жалпы отандастарына қайырылған Томирис тіл мәселесіне алаңдаушылық білдірді.
«Мен мына жақта көріп таңғалғаным – қазақтардың бір-бірімен орысша сөйлесуі. Мен оларға қазақша жауап қатсам да, орысша сөйлейтіндері бар. Қазақ тілі бізге керек болмаса, басқа ешкімге керек емес. Басқа елдермен ағылшынша, орысша сөйлескен болар, бірақ қазақтың қазаққа орысша сөйлегені – ұят нәрсе. Сондықтан, қазақша сөйлейік!» – деп түйіндеді Томирис Түнғат.
(Томирис Түнғатпен болған сұхбаттың толық нұсқасын Tiek YouTube арнасынан көре аласыздар).



