Қазақстанда 70 жаңа медициналық нысан салынады: Денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңғырады
Елімізде медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртудың жаңа кезеңі басталып, өңірлерде 70 жаңа денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты жыл сайынғы Жолдауында мәлімдеген болатын, деп хабарлайды Tiek.kz.
Ана мен бала денсаулығы – басты назарда
Президент өз сөзінде алдағы уақытта салынатын нысандардың әлеуметтік маңызына тоқталды.
«Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық жәрдем станциялары, балаларды оңалту орталықтары, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балалардың сұранысына сай спорт залдары салынады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңғырту жұмыстарының басты бағыттарының бірі – ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмекті дамыту. Қазіргі уақытта Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар және жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Жоспарланған жобалар толық іске асқанда, балаларға күрделі мамандандырылған медициналық көмекті өз елімізде көрсету мүмкіндігі артып, пациенттерді шетелге емделуге жіберу қажеттілігі төмендейтін болады.
Қандай ірі жобалар іске асырылады?
Жаңа инфрақұрылымдық жоспар аясында мынадай негізгі нысандарды салу көзделген:
-
8 перинаталдық орталық (жалпы төсек қоры 1 900-ден асады). Олардың құрылысы Астана мен Шымкент қалаларында басталып кетті.
-
9 көпбейінді балалар ауруханасы (төсек қоры 1 950-ден асады).
-
3 Ұлттық балалар медицинасы орталығы: Астана қаласында 200 төсектік Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы мен 350 төсектік Балалар хирургиясы орталығы, сондай-ақ Алматы қаласында немесе Алматы облысында 500 төсектік Республикалық көпбейінді педиатриялық клиника салынады.
-
25 амбулаториялық-емханалық нысан – алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында.
-
8 көпбейінді аурухана, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем нысандары, инфекциялық ауруханалар, қан орталықтары және басқа да мамандандырылған мекемелер.
Бұған қоса, қолданыстағы балалар ауруханаларын реконструкциялау және жаңғырту жұмыстары қатар жүргізіліп, мамандандырылған көмек көрсету мүмкіндіктері кеңейтіледі.
Құрылысы аяқталуға жақын нысандар
Жаңа жобалардан бөлек, қазіргі таңда 8 ірі денсаулық сақтау нысанының құрылысы мәресіне жетіп қалды. Олардың қатарында Өскемендегі 300 төсектік көпбейінді аурухана, Қызылорда қаласындағы 300 төсектік аурухана, сондай-ақ бірқатар емханалар мен мамандандырылған корпустар бар.
Бұл кешенді шаралар өңірлік денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, диагностика мен емдеудің қолжетімділігін арттыруға, сәйкесінше елімізде жоғары технологиялық медициналық көмекті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.



