Ауыл шаруашылығы: Шаруаларға қандай көмек көрсетіліп жатыр?

Бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешеннің барлық бағыттары, соның ішінде өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, балық шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салалары мемлекеттік субсидиялаумен толық қамтылған. Субсидиялар тіркелген ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне олардың көлеміне немесе кәсіпкерлік қызмет нысанына қарамастан тең жағдайда беріледі деп хабарлайды Tiek.kz.
Негізгі субсидиялау бағыттары
-
Өсімдік шаруашылығында: шаруаларға тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдарының құнына және басым дақылдарды өндіруге субсидия беріледі.
-
Мал шаруашылығында: асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға (асыл тұқымды мал, ұрық, эмбрион сатып алу) және өнім өндіруге (ет, сиыр, бие, түйе сүтін арзандату, бұқа мен қошқарларды бордақылауға өткізу, жем-шөп) қолдау көрсетіледі.
-
Қайта өңдеу саласында: сары май, құрғақ сүт, қатты ірімшік және клейковина өндіру үшін шикізат сатып алу шығындары өтеледі.
-
Балық шаруашылығында: өнімділік пен сапаны арттыруға, су беру қызметтерінің құнына және инвестициялық шығындардың бір бөлігіне субсидия төленеді.
Қаржылық қолдау және жеңілдетілген несиелер
Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға жалпы трансферттер аясында 2026 жылы 588,3 млрд теңге, 2027 жылы 695,4 млрд теңге, ал 2028 жылы 725,8 млрд теңге қарастырылған. Ауыл шаруашылығы субъектілерін жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары белсенді жұмыс істейді. Бұл бағдарламалар көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын, ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингін, қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыруды және бордақылау алаңдарына мал сатып алуды қамтиды.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру көлемін 2026 жылы 750 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Осы бағыттағы несиелерге «Даму» қоры арқылы 85%-ға дейін кепілдік беріледі. Сонымен қатар, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы отандық ауыл шаруашылығы техникасын 5%-бен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2026 жылы лизинг көлемі кемінде 300 млрд теңгені құрайды деп күтілуде. 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында асыл тұқымды мал сатып алуға және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыруға 6% мөлшерлемемен несие беріледі.
Өтінім беру және қаражатты үлестірудің ашықтығы
Субсидия алуға өтінімдер жергілікті атқарушы органдар арқылы өңделеді. Барлық өтінімдер «Gosagro.kz» порталындағы Мемлекеттік цифрлық субсидиялау жүйесі арқылы қабылданады. Субсидиялардың қолжетімділігін арттыру мақсатында «күту парақтары» енгізілген. Бұл жүйе өтінімдерді кезек тәртібімен (күні мен уақыты бойынша) қанағаттандыруға кепілдік береді және оларды қолмен өзгерту мүмкіндігін жояды. Төлемдер бөлінген бюджеттік қаражат лимиті шегінде хронологиялық ретпен жүргізіледі.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижелері
2025 жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін жеңілдетілген қаржыландырудың жалпы көлемі алғаш рет шамамен 1 трлн теңгеге жетті. Осы қолдаулардың арқасында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 15 трлн теңгені құрады (оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 5,9 трлн, мал шаруашылығы – 3,8 трлн, қосылған құны жоғары тауарлар – 5,1 трлн). Азық-түлік өндірісі 1,2 есеге артып, 4,0 трлн теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 1,3 есеге өсіп, 7,1 млн АҚШ долларын құрады. Саладағы еңбек өнімділігі 1,5 есеге артып, 6,2 млн теңге болды. Орташа айлық жалақы 2025 жылы 320,8 мың теңгеге дейін өсті.



