Қоғам

Көкшетаудағы сот қызметкерінің өлімі: туыстары марқұмға қысым көрсетілгенін айтады

Көкшетауда полиция қалалық сот әкімшілігі басшысының көз жұму жағдайларын анықтап жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Желідегі жазба

17 қыркүйекте, яғни кеше ажал құшқан азаматтың туыстары Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялады. Олардың айтуларынша, сотта жұмыс істеп жүргенде 27 жастағы Аян Дүйсековке моральдық және психологиялық қысым көрсетілді. Одан бөлек, туыстары оған әділетсіз тәртіптік жаза қолданылып, қызметтік пәтерден шығарылды дегенді алға тартты.

Полиция не дейді

Қазір жас сот қызметкері өлімінің мән-жайын полиция анықтап жатыр.

“Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді”, – делінген Ақмола облысының Полиция департаменті мәліметінде.

Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды. Көз жұмған азаматтың туыстары құзырлы органдардан оқиғаны жан-жақты тергеп, қайғылы жағдай себебінің барлық мән-жайын анықтауды сұрайды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button