Латвия өнерпаздары қазақ әнін Еуропа сахнасына алып шықты (Видео)

Қазақтың танымал әні алыстағы Балтық жағалауы елінде де тыңдармандардың жүрегін жаулап жатыр. Былтыр қараша айында Астанада арнайы шарада өнер көрсеткен латвиялық әнші Катрина Гупало қазақтың «Саржайлау» әнін орындап, оны өз репертуарына қосқан еді. Әншінің айтуынша, бұл туындыны меңгеру оңай болмағанымен, әсері соншалық, оны Еуропада да шырқауды жөн көрген.

«Саржайлау» — жүрекке жеткен ән

Катрина Қазақстанға алғаш рет Латвия елшілігінің қолдауымен келген. Әнші бұл сапардың жай ғана гастроль емес, мәдени көпірге айналғанын айтады:
«Қазақстан бізді бұрыннан қызықтырған ел. «Саржайлау» әнін үйрену көп еңбекті талап етті, қазақ тілі — өте күрделі. Бірақ әннің әуені мен мәтініндегі кеңдік, табиғатпен үндестік бізді баурап алды», — дейді ол.

Жаңаша аранжировка

Катринаның әріптесі, композитор әрі музыкалық продюсер Эдгар Вилцанс «Саржайлауды» заманауи аранжировкамен өңдеп, концерттік бағдарламасына қосты:
«Біз әннің бастапқы сазын өзгертпедік, тек заманауи ырғақ, би элементтерін қостық. Бір тұста тіпті хип-хоп стилін араластырдық. Бұл тыңдармандарға ерекше әсер етті», — дейді музыкант.

Еуропалық тыңдармандар қалай қабылдады?

Латвияда өткен концерттердің бірінде «Саржайлау» ең көңілді әрі әсерлі туындыға айналыпты. Тыңдармандардың ықыласы өнерпаздардың өздерін де таңғалдырған:
«Көрермендер ерекше энергиямен қабылдады. Әннің ритмі, гармониясы, формасы еуропалық музыкадан өзгеше, сондықтан да қызықтырды», — дейді Эдгар.

Қазақстанға деген ықылас

Өнерпаздар Астанаға келгенде елдің қонақжайлығына тәнті болғанын жасырмайды.
«Қазақстан бізге қатты ұнады. Біз тіпті өзара сөйлесіп, осында ұзақ уақытқа келсек пе екен деп ойладық. Алматыны да, қазақтың кең табиғатын да көргіміз келеді», — дейді Катрина.

Қазақ әні — әлемдік сахнада

Катрина мен Эдгар қазіргі уақытта Grand Tour атты жаңа бағдарламамен Еуропаның бірнеше елінде өнер көрсетіп жүр. Олар қазақ әнін студиялық нұсқада жазып, YouTube пен музыкалық платформаларда жариялауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар музыканттар қазақстандық заманауи орындаушылардың шығармашылығымен де таныс. Олардың арасында Димаш Құдайберген, Скриптонит, The Limba, Иманбек есімдері аталды.

«Қазақ музыкасында ерекше қуат бар. Біз үшін ол жаңа әлем ашқандай болды. Алдағы уақытта Қазақстанда тағы да өнер көрсеткіміз келеді», — дейді латвиялық өнерпаздар.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―