Алаш қайраткерлерін ақтаудың қажеті жоқ – Сұлтанхан Аққұлы

1988 жылдың 4 қарашасында Алаш қайраткерлерін ақтау туралы қаулы шыққаны белгілі. Кеңестік репрессия құрбаны болып атылған, жер аударылған, қуғындалған ұлттық элита – ресми түрде “ақталғандар” санатына енгізілген. Алайда белгілі алаштанушы, әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы бұл көзқараспен келіспейді. Ол Tiek YouTube арнасына берген сұқбатында осылай деді.

Оның айтуынша, Алаш арыстарын “ақтау” дегеннің өзі дұрыс формулировка емес. Себебі олар бастапқыда айыпты болмаған. Демек айыпсыз адамды ақтау — логикалық тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да қате.

«Кеңес дәуірінде, не одан кейін 1991 жылы желтоқсанда тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде де алаш қайраткерлері, ашаршылық құрбандары ешқандай саяси не заңнамалық ақтауға мұқтаж болған жоқ. Мұқтаж емес те! Оларға ондай ақтаудың қажеті жоқ.», – дейді ғалым.

Сұлтанхан Аққұлұлының пікірінше, мемлекет енді “кім айыпты/кім айыпсыз” концепциясына емес, “кім шығынға ұшырады, кім құрбан болды” принципіне өтуі керек. Ол ең алдымен қызыл террор құрбандарының барлығына – оның ішінде ашаршылықтан қырылған миллиондаған қазақтың да ұрпақтарына материалдық және моральдық өтем төлеу қажеттігін атап өтеді.

Бұл – тек Алаш мәселесі емес, бұл — ұлттық тарихи әділдіктің өлшемі.

Қазақстанда саяси репрессия тақырыбы жыл сайын талқыланғанымен, өтемақы мен материалдық жауапкершілік мәселесі әлі күнге нақты заңдық деңгейде көтерілмей келеді.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―