Оқиға

Екі облыстағы тас жолды су басып қалды

Астана-Павлодар тасжолын су басып қалды, деп хабарлады tiek.kz.

“ҚазАвтожолдың” хабарлауынша, Астана-Шідерті-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы жолының 117-шақырымында еріген су жолды басқан.

«Су жайылған учаскенің ұзындығы шамамен 50 метрді, тереңдігі 15–20 см-ді құрайды. Аталған жағдай маусымдық су көлемінің артуы мен мұздың жүруіне байланысты қалыптасқан” деп жазылған компанияның хабарламасында.

Қазіргі уақытта жол төсемін нығайту және қалпына келтіру, сонымен бірге су ағынын реттеу мақсатында қорғаныс үйіндісін жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Аталған учаскеде көлік қозғалысы қалыпты режимде қамтамасыз етілген, автокөліктердің жиналуы байқалмайды. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында белгі беру бағаналары орнатылып, жол жағдайына тұрақты бақылау ұйымдастырылған. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ» деді «Қазавтожол».

Сол секілді Қарағанды облысында  да Қарағанды-Теміртау тас жолын су басты деген хабар тарады.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, қар жылдам ерігендіктен жолдың бір бөлігінде еріген қар суы жиналған. Мұнда су басқан учаскені қоршау жұмысы жүргізілген.

Бұған дейін төтенше жағдай министрлігі Қазақстанның төрт өңірінде 15 елді мекенге су басу қаупі төніп тұрғанын хабарлаған еді. Бұлар: Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай және Батыс Қазақстан облыстары.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button