Қазақстанның табиғаты бай, тарихы терең. Алайда мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің айтуынша, елімізде туризм әлі күнге дейін нақты салаға айнала алмай отыр. Ол Tiek.kz редакциясына берген сұқбатында қазіргі жүйені сынға алып, инфрақұрылымнан бұрын — идея мен өнім жетіспейді деп есептейді.
Турөнім емес – тек бағыттар ғана
«Туризм бізде дамымай жатқан жоқ – ол басталмаған да», – дейді Павел Казанцев.

Оның пікірінше, мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар, заңдар мен қолдау шараларына қарамастан, жүйелі қозғалыс өте баяу жүріп жатыр.
«Бірдеңе ашылып жатыр, бірдеңе қозғалып жатыр. Бірақ бәрі өте баяу, сақтықпен, бұрыштың артынан шығып келе жатқандай», – деп мысқылмен атап өтті ол.
«Ертіс пен Жайықта балық аулау – қиял ғана»
Депутат ең қарапайым мысалды келтіреді — балық аулау. Бұл көптеген елдерде ең танымал демалыс түрі. Қазақстанда өзен-көл жеткілікті, бірақ ешқандай инфрақұрылым жоқ.
«Ертісте, Жайықта, Балқашта балық аулауға арналған турөнім бар ма? Жоқ. Бір-екі база бар, бітті. Ал бұл — ең қарапайым туристік өнім болуы керек еді».

Оның айтуынша, елімізде туристік демалысқа зәру миллиондаған адам бар, бірақ оларға бағытталған қарапайым сервистер де жоқ.
«Мен балық аулауға барғым келеді, бірақ қармағым жоқ. Әйеліммен, балаларыммен барып, табиғатта отырайын, біреу маған кәуап дайындап берсін. Осындай мүмкіндік жасалса, жұрт ақша қалдырып кетер еді. Бұл — турөнім».
Космостық кратерлер — әлем біледі, біз білмейміз
Казанцев ел ішінде мүлде танылмаған бірқатар бірегей орындарды мысал етті. Оның айтуынша, Қазақстанда әлемдегі ең ерекше 50 кратер қатарына кіретін 4 кратер бар екен.
«Бұл туралы шетелдіктер біледі, Қазақстан азаматтары білмейді. Ал турөнім туралы айтудың өзі артық. Бір кәсіпкер төрт киіз үй тігіп қойыпты — жарайсың. Бірақ бұл турөнім емес, жай түнейтін орын.
Нағыз турөнім — гидпен келіп, тыңдап, көріп, суретке түсіп, «вау» деп кететін әсер. Ал бізде ешқандай толық бағдарлама жоқ».
«Бізде жол жоқ» деген — сылтау
Депутаттың айтуынша, туристер жолға мән бермейді, әсер алу үшін барады.
«Алтайға, Байкалға, Краснояр бағандарына барсаңызшы. Онда турист көп. Жол жоқ — тек бағыт бар. Бірақ олар әсер үшін барады. Жол керек болса Астанада да жүре аласың».
«Өзбектер ақша тауып жатыр, біз қарап отырмыз»
Казанцев Қазақстанның Өзбекстанмен бірігіп турпакеттер жасау мүмкіндігін көптен айтып жүргенін айтады. Бірақ нақты ілгерілеу байқалмайды.
«Өзбекстан туристерге 5-6 қаланы көрсетіп, автобуста, пойызда, гидпен, сувенирмен, бәрін жасап береді. Ал біз неге Түркістанды сол маршрутқа қоспаймыз? Шекара ашық. Неге Ташкент-Түркістан пойызын жүргізбейміз? Бұл мүмкіндік. Бірақ біз — «өзіміз жеке боламыз» дейміз де, ештеңе жасамаймыз».
«Сакралды карта» бар, ал маршрут жоқ
Қазақстанда көптеген қасиетті орындар, тарихи нысандар бар: Бекет ата, Қорқыт ата, жерасты мешіттері, Шыңғырлау, Қызылорда, Түркістан және т.б.
«Сакралды карта бар. Бірақ соған баратын адам қайда тұрады, не жейді, гид бар ма — белгісіз. Ақпарат жоқ, сервис жоқ. Өзім жүріп шықтым, елдің біраз жерін араладым. Бірақ турист ретінде емес, геологтың баласы, энтузиаст ретінде. Ал қарапайым адам қай жерден және қалай бастауы керек?»

Қорытынды: дәретхана емес, турөнім керек
Депутат ойды бір нақты түйінмен аяқтайды:
«Біз әкімдерді «неше дәретхана орнаттың?» деп емес, «қанша турөнім аштың?» деп бағалауымыз керек. Сонда ғана қозғалыс болады».
Қысқаша түйін:
- Қазақстанда туристік локациялар бар, турөнімдер жоқ
- Мемлекеттік саясат әлсіз, баяу
- Жеке кәсіпкерлерге мүмкіндік беру керек
- Аймақтарда инфрақұрылым мен гидтік қызмет жетіспейді
- Өзбекстан үлгі бола алады
