«Ішкі істер саласын басқаратын адам қалмайды»: сенатор жол апаты үшін министрді жауапқа тартуға қарсы шықты

Кез-келген оқыс жағдай мен жол апаты үшін Ішкі істер министрін жауапқа тартып, қызметінен босата беру ақылға сыймайтын тірлік. Бұл туралы Сенат депутаты Марат Қожаев мәлім етті, деп хабарлайды tiek.kz.
Сенатордың айтуынша, бұлай жасайтын болсақ, ішкі істер саласын басқаратын министр қалмайды.
«Болып жатқан жол-көлік апаты үшін Ішкі істер министрін жауапқа тартып, қызметінен босата берсек, министр шақ келмейді ғой. Ішкі істер саласын басқаратын адам қалмай қалады. Авария дегенің күнде болып жатады. Әрине, түсінем, Алматыдағы апат ақылға сыймайтын жайт. Одан да сұмдық апат болып жатады. Жеті-сегіз адамның қаза тапқан жайтар бар. Ақтөбеде сондай жағдай болды. Ол тек Ішкі істер министрлігінің құзыретіндегі дүние емес. Жол сапасы, көлік құралдарының жағдайы секілді шешілмеген жағдайлар көп», — деп жауап берді сенатор tiek.kz тілшісінің жауабына.
Тілшіміз Алматыдағы үш адамның өмірін жалмаған көлік апатына қатысты Сенат депутаты Марат Қожаевтың пікірін білмек болған еді.
Еске сала кетсек, 21 наурызға қараған түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болып, үш адам қаза тапқан болатын. Күні кеше осы мәселеге байланысты шұғыл жиын өткізген Ішкі істер басшысы Алматыға арнайы комиссия жолдағанын хабарлады.



