Ақмола облысында ит шабуылына қатысты комиссия құрылды

Бүгін Ақмола облысы, Шортанды ауданы Бектау ауылында қаңғыбас иттердің қораға түсіп бір үйдің 17 бас қойын жарып кеткені туралы жазған едік.
Осы дерек бойынша, Ақмола облысының ветеринария басқармасы арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
«Ақмола облысында ит шабуылына қатысты комиссия құрылды. Қаңғыбас иттердің санын реттеу шаралары басталды Оқиға орны залалсыздандырылып жатыр Ақмола облысы ветеринария басқармасының мәліметінше, Шортанды ауданы Бектау ауылында жануарларға шабуыл жасау фактісі бойынша арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына ауылдық округ әкімі, учаскелік полиция инспекторы және ветеринарлық дәрігер кірді.
Комиссия қаңғыбас иттердің санын реттеу және қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларды жою шараларын қысқа мерзімде ұйымдастыру жұмыстарын бастады. Оқиға орнында ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтай отырып, жануарлардың өлекселерін жою жұмыстары жүргізілді. Бұдан кейін жеке аула аумағында толық дезинфекциялау шаралары қолға алынады. Ведомствоның хабарлауынша, жағдай облыстық ветеринария басқармасының тұрақты бақылауында. Сондай-ақ халықтың ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылданбақ», — делінген хабарламада.



