Қызылордада жалғыз көзді лақ туды

Қазнетте Қызылордада дүниеге келген ерекше лақтың видеосы қызу талқыланып жатыр.
orda_qazaqstan парақшасының жазуынша, жануар өте сирек кездесетін генетикалық ауытқу – циклопиямен (бір көзділік) туған.
Кадрдан оның екі көзі бас сүйегінің ортасындағы бір шараға бірігіп кеткенін көруге болады. Сүйек бітімінің бұзылуына байланысты лақтың танауы жоқ. Сол себепті ол тыныс алу үшін үнемі аузын ашып, тілін шығарып тұруға мәжбүр.
Түр-әлпеті түршігерлік көрінгенімен, видео авторы ерекше төлді қолына алып, оған үлкен мейіріммен қарауда.
Мамандардың айтуынша, бұл ауытқу буаздықтың алғашқы кезеңінде мидың дұрыс жетілмеуінен туындайды. Оған кездейсоқ мутация немесе енесінің жайылымда қандай да бір улы өсімдік жеп қоюы себеп болуы мүмкін. Өкінішке қарай, тыныс алу мен ми қызметіндегі ақауларға байланысты мұндай төлдер көп жасай бермейді. Дегенмен, ерекше күтімнің арқасында ветеринарлардың болжамынан әлдеқайда ұзақ өмір сүрген мұндай жануарлар да кездескен.
Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі мұны жаман ырымға баласа, енді бірі кембағал жануарға аяушылық білдіріп отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



